Астанада Yasin тұрғын үй кешенінде пәтер кілттері табысталды
Астанада Yasin тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталып, үлескерлерге салтанатты түрде пәтер кілттері табысталды. Бүгін баспаналы болған жүздеген отбасы үшін бұл күн ерекше қуаныш пен жаңа өмірдің бастауы болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бастапқы құрылыс компаниясы тарапынан Yasin тұрғын үй кешенін салу жұмыстары 2022 жылдың тамыз айында басталған. Нысанды 2023 жылдың IV тоқсанында аяқтау жоспарланғанымен, қаржыландырудың жеткіліксіздігі салдарынан құрылыс қарқыны баяулаған.

2024 жылдың I тоқсанында нысанның дайындық деңгейі шамамен 40% болған. Сонымен қатар сыртқы және ішкі инженерлік желілер толық жүргізілмеген, ал жер учаскесіне қатысты құжаттар толық рәсімделмеген.

Кейін жобаға Mabex Group жеке инвесторы тартылып, соның нәтижесінде құрылыс толық аяқталды. 2026 жылғы 11 сәуірде Yasin тұрғын үй кешенінің жүздеген үлескеріне пәтер кілттері табысталды.

«Тұрғын үйде 310 пәтер бар. Ал бүгін жүздеген үлескерге пәтер кілттері табысталып отыр», – деді Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы Ернұр Баймұсаев.

Кілт табыстау рәсімі барысында тұрғындар жаңа пәтерлерін қабылдап алып, өз әсерлерімен бөлісті.

«Бүгін біз үшін ерекше қуанышты күн. Бұл пәтерді екі жыл күттік. Осы уақыт ішінде түрлі қиындықтар болды, бірақ соның бәрі артта қалды. Бүгін өз үйіміздің кілтін қолымызға алып, үлкен қуанышқа бөленіп отырмыз. Бұл біздің отбасымыз үшін жаңа өмірдің бастауы», – деді пәтер кілтін алған тұрғын Талғат Қайкенов.

Айта кетейік, тұрғын үй кешенінде заманауи инфрақұрылым қарастырылған. Аула аумағында балалар ойын алаңдары мен демалыс аймақтары жабдықталған.