Астанада тандырханада өрт шықты: жарақат алғандардың жағдайы ауыр
Астана қаласы «Алматы» ауданы Мағжан Жұмабаев көшесінде екі қабатты ғимаратқа жапсарлас салынған бір қабатты тандырхана өртенді, деп хабарлады Elordainfo.kz ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелері келгенге дейін тұрмыстық газ баллонындағы газ-ауа қоспасының тұтануы салдарынан жарылыс болып, тандырхананың бір бөлігі қираған.
Құтқарушылар жедел түрде 5 газ баллонын сыртқа шығарып, өртті толығымен сөндірді. Күйік алған 4 қызметкер ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің жағдайы анықталып жатыр.
Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы таратқан ақпарат сүйенсек, жарақат алғандардың жағдайы ауыр.
«М.Жұмабаев көшесі, 27/11 мекенжайында болған өрт салдарынан үш ересек және бір жасөспірім зардап шекті. Барлық зардап шеккендер күйік жарақаттарымен және көміртек тотығымен улану белгілерімен жедел медициналық жәрдем бригадасымен қала ауруханаларына жеткізілді. Екі ересектің жағдайы аса ауыр, біреуінің жағдайы ауыр деп бағаланды. Жасөспірімнің жағдайы — орташа ауырлықта. Барлық пациенттерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», - деп жазылған Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарламасында.
Бұған дейін елордада екі қабатты ғимараттан өрт шыққанын жаздық.