Астананың «Есіл» ауданындағы тамақтану орындарында өрт қауіпсіздігі түсіндіріліп жатыр
Елордада «Есіл» ауданындағы қоғамдық тамақтану орындарында өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыстар жүріп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қоғамдық тамақтану орындарында өрт оқиғаларының болуына байланысты 2025 жылдың 27 желтоқсанынан бастап қалада өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы күнге дейін шамамен 270 қоғамдық тамақтану нысаны қамтылды. Мұндай орындарды аралаудағы мақсатымыз – өрттің алдын алу, мекеме басшылары мен қызметкерлеріне қауіпсіздік талаптарын түсіндіру. Профилактикалық түсіндіру жұмыстары барысында желдету және сорғы жүйелерінің жағдайына, электр жабдықтары мен сымдарының жарамдылығына, сонымен қоса оларды қолдану ережелерінің сақталуына аса мән беріледі. Себебі дәл осы факторлар көп жағдайда өрттің шығуына себеп болып жатады», - деді Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бас маманы Бауыржан Зайнелов.

Бүгін «Есіл» ауданы бойынша 10 нысанда түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, «Нұрсая» тұрғын үй кешенінде орналасқан шығыс және еуропалық тағамдар мейрамханаларының желісі – «Узбечка №1» , «Tagam» дәмді тағамдар желісі, «Degirmen» және т.б. қоғамдық тамақтану орындары.

«2025 жылы Астанада қоғамдық тамақтану орындарында 50 өрт болды. Мұндай орындарда қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан өрт шығуда. Атап айтқанда электр желілеріндегі қысқа тұйықталу, ас үйдегі сорғыштарда май қалдықтарының уақытылы тазаланбауы, газ баллондарын қолдану талаптарының бұзылуы, отты абайсыз қолдану және т.б. Сондықтан біз дәл осындай орындарды яғни тандырлар, асханалар, дәмханаларда профилактикалық түсіндіру жұмысын жүргізуді қолға алдық. Тамақтану орындарының басшыларына қызметкерлерге өрт кезінде әрекет ету алгоритмдерін оқыту жүргізіліп тұру қажеттігі туралы айтамыз. Нақтырақ айтқанда, асханада тамақ әзірлейтін тұрмыстық техникаларды қараусыз қалдырмау, сорғыштарды майдан тазарту, пештер мен электр сымдарын тексеріп тұру, майды сумен өшірмеу, газ баллондарын қауіпсіз жерде сақтау қажеттігін ескерттік. Барлық іс-шара тек профилакиикалық бағытта болады», - деді Астана қаласы «Есіл» ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы инженері Әлихан Талғатұлы.

Бұл іс-шаралар өрттің шығу қаупін төмендетуге, келушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сонымен қоса, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
«Біз күн сайын мейрамханада өрт қауіпсіздігі бойынга түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бүгін профилактикалық түсіндіру жұмысы барысында мамандар өрт қауіпсіздігі талаптары жөнінде ақпараттар беріп, өрттің алдын алу шаралары туралы айтты. Өрт сөндіру құралдарын пайдалану ережелері таныстырылды. Тамақтану орнында күн сайын өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқаулық өткізіліп, қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше көңіл бөлеміз. Қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіздігі біз үшін бірінші орында», - деді қаладағы мейрамханалардың бірінің әкімшісі Бекжан Берденов.
Бұған дейін елордалық төтеншеліктер қоғамдық тамақтандыру орындары иелеріне өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салғанын жаздық.