Елордалық төтеншеліктер қоғамдық тамақтандыру орындары иелеріне өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салды

Елордалық төтеншеліктер қоғамдық тамақтандыру орындары иелеріне өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салды
Фото: Жансая Танырқұл

Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы аудандық әкімдіктермен және елордалық Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, қоғамдық тамақтану орындарында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша көшпелі түсіндіру іс-шараларын бастаған болатын. Осы іс-шара аясында Алматы ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы ауданға қарасты кәсіпкерлік нысандарда өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды түсіндіріп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған мақсаттағы іс-шаралар жоспарлы түрде өтіп тұрады, бұл жолы 500-ге жуық кафе, асхана, дәмхана, шайхана тәрізді көпшілік тамақтанатын орындар қамтылмақ.

«Қоғамдық тамақтандыру орындарында өрттің жиі тұтануына байланысты түсіндіру жұмыстарын қолға алып отырмыз. Кафе-барлардың басшылары мен қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігі талаптарын, электр желілері мен жабдықтарды пайдалану тәртібін, сондай-ақ жарамды өрт сөндіру құралдарының міндетті түрде болуы қажеттігін түсіндіреміз.

Ең бірінші, газ баллондарын қолдануға болмайды. Әсіресе, бұл көпқабатты үйлердің маңында орналасқан көпшілік қоғамдық тамақтандыру орындарына қатаң ескертіледі. Одан соң мангалдарды қолданғанда өрт қауіпсіздігін бұлжытпай сақтау керек. Ғимаратт отты сөндіретін құрал, өрт дабылқаққышы болуы міндетті.

Көбіне кәсіпкерлер электр сымдарына салғырт қарайды. Ескі сымдар үлкен жүктеменің салдарынан қысқа тұйықталып, жанып кетіп жатады. Бұл ғимарат қасбеттерінің жануына әкеліп, адамдардың өмірі мен мүлкіне қауіп төндіреді. Сондықтан, ең алдымен, электр жабдықтарын жаңартуға мән беру керек. 

Тамақ пісірген кезде ашық отты қолдануда пештің бұрандаларын, ауа тартатын құрылғыны тазаламап тұрмаса,  май жиналып қалып, қатты температура әсерінен от тұтануы мүмкін. Осыны да ескерген жөн», - дейді Алматы ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Асхат Қабиденов.

Оның айтуынша, іс-шара кезінде жинақталған ақпарат қала әкімдігіне тапсырылады.

Ал өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушылық жағдайларында Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 410-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалады.

Айта кетейік, төтеншеліктер өрт болған жағдайда оқиға туралы 101, 112 нөміріне хабарлау керектігін қаперге береді.

Еске салайық, бұдан бұрын Астана маңындағы Талапкер ауылында тұрғын үйлердің бірінен өрт шыққаны туралы хабарладық.