Астана маңындағы Талапкер ауылында тұрғын үйлердің бірінен өрт шықты
Бұл туралы Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Оқиға Целиноград ауданының Талапкер ауылында болды. Ондағы тұрғын үйлердің бірінде газ-ауа қоспасының жарылысы болып, артынан өрт шыққан. Оқиға орнына жедел жеткен Ақмола облысы және Астана қаласы ТЖД күштері өртті 80 шаршы метр аумақта қысқа уақытта сөндірді», - деп жазылған хабарламада.
Құтқарушылар үй ішінен әртүрлі көлемдегі 10-нан астам газ баллонын сыртқа шығарды.
Оқиға кезінде үйде жүкті әйел болған, абырой болғанда ол зардап шеккен жоқ. Қазіргі уақытта ол елордалық ауруханалардың біріне қосымша тексеруден өту үшін жеткізілді.
Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Ақмола облысы ТЖД газ жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды тағы да еске салады.
Бұған дейін елордалық құтқарушылар қоймадағы өртті толық сөндіргенін жаздық.