Астанада су тасқынына дайындық пысықталды

Бүгін, 18:06
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада су тасқынына дайындық пысықталды
Фото: ТЖМ

Елімізде «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Оқу-жаттығу аясында Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында төтенше жағдайларды жою іс-қимылдарын, сондай-ақ авариялық-құтқару қызметтері мен азаматтық қорғау құралымдарының практикалық іс-қимылдарын пысықтау бойынша командалық-штабтық жаттығулар өткізілді.

Азаматтық қорғау қызметтерінің практикалық іс-қимылдарын пысықтау үшін су тасқыны қаупі жоғары елді мекендерде өңірлік тактикалық-арнайы жаттығулар ұйымдастырылуда.

Астанада тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар 6 ауданда өтті. Азаматтық қорғау күштері мен құралдары дайындыққа келтіріліп, жедел штаб құрылды, халықты эвакуациялау ұйымдастырылды және зардап шеккен тұрғындарды қабылдау пункттерінің жұмысы қамтамасыз етілді. Суды сору және қорғаныш құрылыстарын нығайтуға арналған инженерлік техниканың, жүзу құралдарының және сорғы жабдықтарының дайындығы тексерілді.

Жалпы оқу-жаттығуға 104 техника және 269 адам жұмылдырылды. Әртүрлі ведомстволар арасындағы іс-қимылды үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.