Астанада сауда орнынан қауын-қарбыз ұрлаған күдікті ұсталды
Астанада түнгі уақытты пайдаланып, сауда орнынан ондаған бақша өнімін ұрлаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға Өндіріс көшесінде орналасқан сауда нүктесінде болған. Сауда иесі жұмыс күнінің соңында сатылмай қалған өнімдерін жинақтап, үстін жауып, келесі күнге қалдырған. Алайда түнгі уақытта 47 жастағы ер адам бөтеннің мүлкіне қол сұғып, дайын тұрған тауарларды иемденуге әрекет жасаған.
Күдікті сауда орнына заңсыз кірмей-ақ, еркін қолжетімділікті пайдаланып, 30 қарбыз бен 15 қауынды жасырын түрде алып кеткен. Таңертең келген сауда иесі тауарлардың жоғалғанын байқап, бірден полицияға хабарлаған.
Хабарлама келіп түскен бойда оқиға орнына жедел тергеу тобы жіберілді. Полицейлер аумақты қарап, бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерді. Жүргізілген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды.
«Тергеу барысында ер адамның ұрлық фактісіне қатысы бар екені анықталды.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, елордалық полицейлер дәрумен жеткіземін деп қомақты қаржыны иеленген күдіктіні анықтады.