Елордалық полицейлер дәрумен жеткіземін деп қомақты қаржыны иеленген күдіктіні анықтады
Астана қаласының Полиция департаментінің қызметкерлері алаяқтық қылмысын жасады деген күдікпен 30 жастағы елорда тұрғынын анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Тергеу барысында күдіктінің жәбірленушімен байланысқа шығып, өзін сенімді жеткізуші ретінде таныстырғаны белгілі болды. Ол дәрумендерді тиімді бағамен жеткізіп беремін деп сендіріп, алдын ала төлем жасауды сұраған. Жәбірленуші оның сөзіне сеніп, бірнеше рет ақшалай қаражат аударған.
Алайда күдікті өзіне сеніп тапсырылған қаражатты жеке басының пайдасына жаратып, уәде етілген тауарды жеткізбеген. Келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 2 миллион 500 мың теңгені құрады.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Елордалық Полиция департаменті азаматтарды интернет арқылы тауар сатып алу кезінде сақ болуға шақырады.
«Бейтаныс адамдардың уәдесіне сеніп, алдын ала толық төлем жасамаңыздар. Сатушының сенімділігіне көз жеткізіп, пікірлерін тексеріп, мүмкіндігінше тауарды алғаннан кейін ғана есеп айырысқан жөн. Егер сатушы тек алдын ала төлем жасауды талап етіп, күмәнді сылтаулар айтса, мұндай мәміледен бас тартқан дұрыс.
Егер сіз алаяқтардың әрекетіне тап болсаңыз, уақыт оздырмай полицияға «102» арнасы арқылы хабарласыңыз», - делінген хабарламада.