Астанада пробация есебіндегі азаматтарға арналған «Жаңа мүмкіндік» жобасы жүзеге асырылып жатыр

Астанада пробация есебіндегі азаматтарға арналған «Жаңа мүмкіндік» жобасы жүзеге асырылып жатыр
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қайта әлеуметтендіруге және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Жаңа мүмкіндік» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоба «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Астана қаласы Алматы ауданы прокуратурасының бастамасымен қолға алынған.

Бастама шеңберінде Еңбек мобильділігі орталығымен, пробация қызметімен және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмысқа орналастыруға, әлеуметтік қолдау көрсетуге және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, қатысушыларға консультациялар беріліп, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп жатыр.

Жобаның негізгі мақсаты – пробация есебінде тұрған азаматтардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау, олардың тұрақты жұмыспен қамтылуына ықпал ету және заңға бағынатын өмір салтын қалыптастыру.

Прокуратураның мәліметінше, мұндай бастамалар қайталама қылмыстың алдын алуға, азаматтардың әлеуметтік бейімделуіне және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.

Астана қаласының прокуратурасы әлеуметтік бейімдеу мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жобаларды жүйелі түрде қолдауды жалғастырады.

Бұған дейін Астана қаласы прокуратурасының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен және Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментімен бірлесіп денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдерімен кеңес өткізгенін жазған болатынбыз.