Астанада медицина ұйымдарының құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылы талқыланды

Астанада медицина ұйымдарының құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылы талқыланды
Фото: видеодан скрин / instagram.com/prokuratura.ast

«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Астана қаласының прокуратурасы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен және Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментімен бірлесіп денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдерімен кеңес өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында еңбек заңнамасының сақталуы, сондай-ақ дене жарақаттары, түрлі жаралану, кәмелетке толмағандар арасындағы жүктілік және тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша медициналық ұйымдарға жүгінген азаматтар туралы құқық қорғау органдарын уақтылы хабардар ету мәселелері қаралды.

Тараптар құқық бұзушылықтарды жасырудың алдын алу, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдар арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру бағытындағы шараларды талқылады.

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер заңдылықты нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Астана қаласының прокуратурасы заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады», – делінген хабарламада.

Бұған дейін Астанада прокуратура балаларға арналған профилактикалық іс-шара өткізгенін жазғанбыз.