Референдум-2026

Астанада партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды үгіт жұмыстарын жалғастырып жатыр

Астанада партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды үгіт жұмыстарын жалғастырып жатыр
Коллаж: ЖИ

Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық аясында елордада саяси партиялардың өңірлік филиалдары түрлі форматтағы сайлауалды үгіт-насихат шараларын өткізуді жалғастырып жатыр. Партия өкілдері еңбек ұжымдарымен, жастармен, кәсіпкерлермен және қала тұрғындарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламаларындағы басым бағыттарды таныстырып, ашық пікір алмасу ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Әділет» партиясы

«Әділет» партиясының өкілдері «Әсем» базарының жалға алушылары және келушілерімен кездесіп, сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында партияның негізгі құндылықтары мен сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау, жеке меншікті қорғау және қолжетімді баспана мәселелері сөз болды. Сондай-ақ тұрғындарға үгіт материалдары таратылып, олардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 

ЖСДП Астанада мүлік иелері бірлестіктерімен (МИБ) бірлесіп, тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды енгізуге арналған жобаның тұсаукесерін өткізді. «Ашық аула күні» форматында өткен іс-шарада жайлы аула үлгісі көрсетіліп, МИБ институтын дамыту, қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыру және тұрғындардың үйді басқару арқылы қосымша табыс табу мүмкіндіктері таныстырылды. Іс-шараға партия кандидаттары, МИБ өкілдері, тұрғындар мен сарапшылар қатысты.

«Байтақ» жасылдар партиясы

«Байтақ» партиясының ұйымдастыруымен және партия төрағасының сенімді өкілінің қатысуымен Қазақстанның еңбек сіңірген азаматтарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға 150-ден астам адам қатысып, қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегі жоғары бағаланды. Кездесу барысында қоғамдағы жауапкершілік, экологиялық мәдениет және белсенді азаматтық ұстаным мәселелері де сөз болды.

Қазақстан халық партиясы

Қазақстан Халық партиясы әлеуметтік әділеттілік тақырыбын ерекше форматта насихаттап, fashion-перформанс ұйымдастырды. Іс-шара барысында партиялық атрибутика заманауи стильде ұсынылып, еңбек адамын қорғау, әлеуметтік теңдік және әділеттілік идеялары көрініс тапты. Кейін партия өкілдері қала көшелеріне шығып, тұрғындармен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырып, үгіт материалдарын таратты.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы

«Ауыл» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат, Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мүшесі жастармен кездесті. Кездесуде ерекше қажеттілігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау шаралары және олардың қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жастар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, ашық диалог форматында сұрақтарына жауап алды.

«Ақ жол» демократиялық партиясы

«Ақ жол» партиясының Астана қалалық филиалы «Ulytau Group» еңбек ұжымымен кездесу өткізіп, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған сайлауалды бағдарламасының басымдықтарын таныстырды. Сонымен қатар партия филиалында Ашық есік күні ұйымдастырылып, елорда тұрғындарына тұрғын үй, еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру және өзге де құқықтық мәселелер бойынша заңгерлік кеңестер берілді.

Respublica партиясы

Respublica партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшелері Қазақстан құрылысшылар одағының ұжымымен кездесу өткізді. Іс-шара барысында құрылыс саласын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, еңбек жағдайын жақсарту және инфрақұрылымды жетілдіруге қатысты партияның сайлауалды бастамалары таныстырылып, қатысушылармен ашық пікір алмасу өтті.