Астанада «Париждегі екі әйел» спектаклінің премьерасы өтеді
14-15 ақпан күндері Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Оңтүстік Корея, Ресей және Қазақстан театрларының бірлескен жобасы – «Париждегі екі әйел» спектаклінің премьерасы өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қойылымда екі кейіпкердің диалогы арқылы Кореяның тәуелсіздігі үшін күрескен жандардың тарихы баяндалады.
Жобаның басты ерекшелігі – үш елдің театр әртістерінің бір сахнада өнер көрсетуі. Актерлерді іріктеу өткен жылдың қаңтар айында болды. Кореяның PIAC театр компаниясының арт-директоры, режиссер Ра Чжин Хван Қазақстанға арнайы келіп, театр әртістерін кастинг арқылы таңдап алды.
Қазақстан атынан халықаралық жобаға Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының әртістері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Асылбек Қапаев, «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты, актриса Ақмарал Танабаева қатысады. Сонымен қатар, қойылымда Ресейдің Станиславский атындағы Электротеатрының және Кореяның PIAC театрының әртістері өнер көрсетеді.
Спектакль оқиғасы 1940-жылдардағы Парижде өрбиді. Люксембург бағында жолыққан екі әйел – Кореяның алғашқы кәсіби әйел суретшісі, тәуелсіздік жолындағы күрескер На Хэ Сок пен А.Чеховтың «Шие бағы» пьесасындағы қиялдан туған кейіпкер Раневская өткен өмір, жоғалған есімдер, азап пен үміт жайлы сыр шертеді. Нақты тарихи тұлға мен әдеби кейіпкердің тоғысуы арқылы қойылым тәуелсіздіктің мәнін жеке адам тағдыры тұрғысынан ашады.
Қойылым Қиыр Шығыстағы корейлердің азаттық қозғалысын, Еуразия кеңістігіндегі диаспора тарихын, сондай-ақ, тарихи жады мен адамгершілік құндылықтардың сабақтастығын сахна тілімен қайта тірілтеді.
Юн Дон Джу мен И Юк Саның поэзиясы, Ф.Достоевский, А.Пушкин, Абай шығармалары мен қазақ әндерімен үндескен қойылым азаттық ұғымын жалпыадамзаттық құндылық деңгейіне көтереді.
Спектакль Оңтүстік Кореяның ұлттық мерекесіне – елдің азаттық алғанына 80 жыл толуына арналған. Алғашқы көрсетілімі 2025 жылы Сеул қаласында өтті. Астанадағы премьерасы Корея Республикасының елшілігінің Корей мәдени орталығының қолдауымен өтеді.
«Бұл спектакль тек өткенді еске алумен шектелмейді. Ауыр естеліктер арқылы бір-бірімізді түсінетін болашақты елестетуге мүмкіндік береді», - деді режиссер, PIAC (Performing Image Art Center) театрының көркемдік жетекшісі Ра Чжин Хван.
Спектакль қазақ, орыс және корей тілдерінде экрандық аудармамен өтеді.
Қойылым 14-15 ақпан күндері сағат 18.00-де болады.
Бұған дейін Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері қазақ тілінде ән шырқағаны туралы жаздық.