Астанада колледж студенттері арасында қоғамдық-құқықтық тақырыпта пікірсайыс өтті

Астанада колледж студенттері арасында қоғамдық-құқықтық тақырыпта пікірсайыс өтті
Фото ұйымдастырушылардан

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Астана қаласының прокуратурасы Сервис және туризм колледжінде қоғамдық-құқықтық тақырыпта пікірсайыс турнирін өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараға, сонымен қатар Менеджмент, бизнес және білім беру колледжінің, «Astana Polytechnic» жоғары колледжінің, «Даналық» жоғары медициналық колледжінің, «Astana Profi» шаруашылық колледжінің және «Astana ALT» көлік колледжінің студенттері қатысты.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, турнирдің мақсаты – құқықтық мәдениет пен қоғамдық-құқықтық сананы арттыру, жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу.

Пікірсайыс турнирі барысында қылмыстық жазаны қолданудың өзекті мәселелері, оның ішінде өлім жазасы, жеңіл есірткілерді заңдастыру мүмкіндігі және оларды тұтынғаны үшін жауаптылық, сондай-ақ өзге де құқықтық сипаттағы мәселелер талқыланды.

Турнир қорытындысы бойынша елорда колледждерінің ерекше көзге түскен студенттері дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Білім – практика – бизнес. «Мектеп – колледж – кәсіпорын» кластерін құру» жобасын іске асыру аясында елордадағы № 91 мектеп-гимназиясы мен Сервис және туризм колледжі және ROMANTIC гүл бизнесі желісі арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға отырғанын жазған едік.