«Білім – практика – бизнес»: Астанада мектеп, колледж, кәсіпорын басшылары үшжақты меморандумға отырды

«Білім – практика – бизнес»: Астанада мектеп, колледж, кәсіпорын басшылары үшжақты меморандумға отырды
Фото: Сервис және туризм колледжі

Астана қаласында «Білім – практика – бизнес. «Мектеп – колледж – кәсіпорын» кластерін құру» жобасын іске асыру аясында елордадағы № 91 мектеп-гимназиясы мен Сервис және туризм колледжі және ROMANTIC гүл бизнесі желісі арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға отырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

№ 91 мектеп-гимназиясының директоры Алмагүл Сегізбай мен Сервис және туризм колледжінің директоры Салтанат Басыгараева, ROMANTIC гүл бизнесі желісінің басшысы Гүлзат Ізбасарова үш жақты меморандумға қол қойды.

Меморандум білім алушылардың кәсіби бағдар беру жүйесін дамытуға, білім беру ұйымдары мен бизнес-қоғамдастық арасында орнықты әріптестік қалыптастыруға, сондай-ақ «мектеп – колледж – кәсіпорын» кластерлік моделі аясында практикалық бағыттағы білім беру маршруттарын құруға бағытталған.

«Меморандумға қол қою білім беру жүйесі мен бизнес-қоғамдастық арасындағы тиімді өзара іс-қимылды дамытудағы маңызды қадам болады деп күтілуде. Білім алушылардың кәсіби бағдар алу мүмкіндіктерін кеңейтіп, еңбек нарығында сұранысқа ие заманауи құзыреттерді қалыптастыруға ықпал етеді», - деді Алмагүл Сегізбай.

Меморандумға қол қою барысында білім беру үдерісі мен практикалық қызметтің ықпалдастығын, сондай-ақ білім алушылардың шығармашылық және кәсіби мүмкіндіктерін көтеретін шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

№ 91 мектеп-гимназиясы мен Сервис және туризм колледжі бірлесіп, иіссу жасау бойынша шеберлік сабағын ұсынды. Шеберлік сабағы барысында білім алушылардың Washington Academy бағдарламасы аясында Science пәні сабақтарында алған теориялық білімдерін меңгеру нәтижелері, сондай-ақ олардың колледж базасында орта кәсіптік білім беру жүйесінде қолданылатын кәсіби жабдықтар, технологиялар мен әдістемелерді пайдалана отырып, практикалық тұрғыда жүзеге асырылуы көрсетілді.

Сонымен қатар іс-шара аясында тұрақтандырылған мүктен флористикалық композициялар жасау, кесілген гүлдерден көркемдік композициялар құрастыру, сондай-ақ сәндік гүл шамдарын дайындау бойынша шеберлік сабақтары мен демонстрациялық аймақтар ұйымдастырылды. Ұсынылған бағыттар шығармашылық, дизайн және кәсіпкерлік қызметтің өзара байланысын көрнекі түрде көрсетіп, білім алушыларды флористика мен сәндік-қолданбалы өнердің заманауи үрдістерімен таныстырды.

Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын Мәдениет саласының үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахым мен Астана қаласындағы Сервис және туризм колледжінің 700 студентінен құрылған хордың орындауындағы «Еңбек адамы» әніне бейнебаян түсірілгенін жазған болатынбыз.