Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жастар арасында еңбек адамының идеологиясын ұлықтау, еңбекқорлық пен кәсіптік құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы маңызын насихаттау мақсатында «Еңбек адамы» әніне бейнебаян түсірілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мәдениет саласының үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахым мен Астана қаласындағы Сервис және туризм колледжінің 700 студентінен құрылған хордың орындауындағы ән аталған колледждің гимніне айналған. Әннің сөзін Қуат Ежембек, ал музыкасын Арман Қуандық жазған.

«Бұл бейнебаян – еңбек адамына арналған шынайы құрмет. «Еңбек адамы» – әр күнін адал еңбекпен, жауапкершілікпен және табандылықпен өткізетін қарапайым мамандардың рухын ұлықтайтын ән. Бұл бейнебаянның мақсаты – жастар арасында еңбек идеологиясын дәріптеу, кәсіптік және техникалық мамандықтардың қоғамдағы рөлін айшықтау, еңбекқорлықты тұлғалық басты құндылық ретінде көрсету. Бейнебаянның түсіріліміне қатысқан әр студент – болашақ шебер, болашақ маман, болашақ еңбек иесі. Бейнебаян – бірлік, рух, жігер және кәсіби мақтаныштың айқын көрінісі. Еңбек – елдің тірегі. Еңбек адамы – ертеңгі күннің иесі», - деді колледж директоры Салтанат Басыгараева.

Айта кетейік, Сервис және туризм колледжінде 1 100-ден аса студент 10 мамандық, 18 біліктілік бойынша білім алып жатыр. Білім ордасында бақ және саябақ шаруашылығы, орман шаруашылығы, ландшафтық дизайн, қонақүй бизнесі, туризм, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, есептеу техникасы және ақпараттық желілер, бағдарламалық қамтамасыз ету, тағам өндірісінің технологиясы мамандықтары оқытылады.

Бейнебаянда түсірілген шеберханалар мен жылыжай колледждің аумағында орналасқан. Колледждегі жылыжай «Жасыл мектеп» жобасы бойынша Болат Өтемұратов қорының бастамасымен 2023 жылы ашылған.
«Жылыжайлардағы сабақтар оқу бағдарламасын практикалық сабақтармен толықтыруға мүмкіндік береді және оқытушыларға қызықты факультативтік сабақтар өткізуге тамаша мүмкіндік. Студенттер көкөністер, жидектер мен көкшөптерді өсіреді, ал шыққан өсім демонстрациялық жобалар мен шеберлік сабақтарында қолданылады», - деді колледж директорының тәрбие жұмысы жөнндегі орынбасары Динара Кенжебекқызы.

