Астанада киокушинкай-кан каратэден ашық республикалық турнир басталды
Бүгін елордада ASPAN спорт кешенінде киокушинкай-кан каратэден «ZHENIS CUP 2026» ашық республикалық турнирінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ашылу салтанатын Киокушинкай-кан каратэ ұлттық федерациясының президенті Омархан Өксікбаев ашты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Турнирді федерацияның Астана қалалық филиалы қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырды. Бұл жарыс отандық жекпе-жек өнері әлеміндегі маңызды спорт оқиғасының біріне айналып, жыл сайын еліміздің түрлі өңірінен жүздеген спортшыны жинайды.
Жарыс 2019 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Алғашында ол «Жеңіс клубының кубогы» атты клубаралық турнир ретінде ұйымдастырылып, 2019–2024 жылдар аралығында өткізілді. 2025 жылдан бастап турнир «ZHENIS CUP» деп аталып, ашық республикалық турнир мәртебесіне ие болды.
Турнирдің негізгі мақсаты – киокушинкай-кан каратэ спортын дамыту және кеңінен насихаттау, спортшыларды ынталандыру, жаттықтырушыларды қолдау және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Биылғы «ZHENIS CUP 2026» турниріне Ақмола және Қарағанды облыстарынан, Ұлытау облысынан, Қосшы қаласынан, сондай-ақ Астана қаласындағы киокушинкай-кан каратэ бойынша 12 клубтан барлығы 400-ге жуық спортшы қатысуға өтінім берді. Сонымен қатар жарысқа КВФ, Будокай, Шинкиокушинкай және ИФК сияқты түрлі каратэ федерацияларының өкілдері де қатысты.
Киокушинкай-кан каратэден Астана қалалық федерациясының президенті Иманжүсіп Ақпомбаев турнир жыл сайын өз мәртебесін арттырып, жекпе-жек өнерін дамытуға арналған маңызды алаңға айналып келе жатқанын атап өтті.
«Жыл сайын турнирге қатысушылар саны артып, спортшылардың дайындық деңгейі жоғарылап келе жатқанын көріп отырмыз. Біз үшін тек мықтыларды анықтау ғана емес, жаттықтырушылар мен спортшылар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін, спорттағы бауырластық атмосферасын қалыптастыру да маңызды. Бүгінде «ZHENIS CUP» жай ғана турнир емес, киокушинкай-каратэні дамытуға арналған үлкен спорт алаңына айналды», – деді Иманжүсіп Ақпомбаев.
Дәстүр бойынша турнирге қатысушылар мен жеңімпаздар үшін бағалы сыйлықтар дайындалған. Турнирдің үздік жаттықтырушысына 1 млн теңге көлемінде арнайы жүлде табысталады. Үздік жаттықтырушы оның шәкірттері жеңіп алған бірінші орындардың саны бойынша анықталады. Егер көрсеткіштер тең болған жағдайда екінші және үшінші орындар да есепке алынады. Турнирдің үздік спортшылары бас төреші мен татами менеджерлерінің шешімімен анықталады. Бағалау барысында спортшылардың техникалық шеберлігі, мінезі мен жауынгерлік рухы, жекпе-жектердің тартымдылығы мен бәсекелестік деңгейі, сондай-ақ жеңіске деген жігері ескеріледі.
«Біздің мақсатымыз – тек чемпиондарды ғана емес, рухы мықты, тәртіпті жастарды тәрбиелеу. Каратэ адамға тәртіпті, жауапкершілікті және бір-біріне құрметпен қарауды үйретеді. Сондықтан мұндай турнирлер спорт үшін ғана емес, болашақ ұрпақты тәрбиелеу үшін де маңызды», – деді қалалық федерацияның президенті.

Сонымен қатар ол бүгінгі турнир Астана қаласы прокуратурасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Заң және тәртіп» бағдарламасы аясында өткізіліп жатқанын атап өтті.
«Маңызды міндеттердің бірі – жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу. Біз спорт арқылы жастарды салауатты өмір салтына баулып, дұрыс құндылықтарды қалыптастыруға тырысамыз. Әсіресе жастар арасында есірткі таралуына қарсы күреске ерекше назар аударылады», – деді ол.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта жарыс киокушинкай-кан каратэ бойынша еліміздегі ең ірі спорт алаңының біріне айналады деп көздеп отыр.
Еске салсақ, қазақстандық гимнаст Бакудегі әлем кубогы кезеңінде екі медаль жеңіп алды.