Референдум-2026

Астанада киберқауіпсіздік жайлы «Құқық қаласы» квесті өтті

Астанада киберқауіпсіздік жайлы «Құқық қаласы» квесті өтті
Фото: Ернұр Сағымбек

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Астанада жастардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Құқық қаласы» қалалық интерактивті құқықтық квесті өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі. 

Биылғы квесттің негізгі бағыты – киберқауіпсіздік. Қатысушылар кибералаяқтардың әрекетін ажырату, жеке деректерді қорғау, интернеттегі қауіпсіздік талаптарын сақтау және түрлі құқықтық жағдайларды шешу бойынша тапсырмалар орындады. Сондай-ақ қауіпсіз құпиясөз таңдауға арналған интерактивті ойын ұйымдастырылып, ең қауіпсіз құпиясөзді анықтаған қатысушыға арнайы сыйлық табысталды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында бүгін «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, Астана қаласы әкімдігі, Астана қаласы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы, Есіл ауданы әкімдігі және «Kids Security» ұйымының бірлесіп ұйымдастыруымен киберквест ойыны өтті. Іс-шараның мақсаты – жастардың киберқылмысқа қарсы тұру дағдыларын қалыптастыру, кибергигиена талаптарын сақтаудың жолдарын үйрету және киберквест форматындағы интерактивті ойындар арқылы қажетті ақпаратты жастарға тиімді жеткізу. Ойын барысында қатысушылар киберқылмысқа қатысты құқықтық ақпараттармен танысты. Қазіргі таңда көптеген азамат барлық қосымшаларында, атап айтқанда, банк қосымшаларында, әлеуметтік желіде және электронды пошта аккаунттарында бірдей құпиясөз қолданады. Алаяқтар бір құпиясөзді анықтау арқылы адамның бірнеше аккаунтына қол жеткізіп, жеке ақпаратын иемденуі мүмкін. Сондықтан әрбір аккаунтқа түрлі әрі күрделі құпиясөз орнатқан дұрыс», – деді Астана қаласы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Сәкен Алауханов.

Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының құқықбұзушылықтың алдын алу бөлімінің басшысы Дәуіржан Жұмаханның айтуынша, «Құқық қаласы» квесті биыл үшінші рет өткізіліп отыр. Жоба жыл сайын жастардың әртүрлі санатын қамтып, құқықтық білімді интерактивті форматта түсіндіруге бағытталған.

«Бүгінгі квест алда келе жатқан Жастар күніне орай ұйымдастырылып жатқан «Астана жастары WEEK» іс-шаралар легінің бірі. Сонымен қатар іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткізіліп отыр. Бұл – биыл ұйымдастырылып отырған үшінші «Құқық қаласы» квесті. Осы жолы іс-шарамызды «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында киберқауіпсіздік тақырыбына арнадық. Қатысушылар үшін робот-ит және кибералаяқтардың арбауына түспеу тақырыптарында интерактивті тапсырмалар ұйымдастырылды. Сондай-ақ интернеттегі қауіпсіздік пен құпиясөздерді дұрыс қолдануға арналған интерактивті ойын өтті. Қатысушылардың арасынан ең қауіпсіз құпиясөзді анықтап, жеңімпазға арнайы сыйлық табыстадық. Бұл іс-шара былтырдан бері ұйымдастырылып келеді. Өткен жылы колледж студенттері мен оқушылар қамтылса, биыл студенттер мен волонтерлер қатысты. Ал бүгінгі іс-шарада Астана қаласының барлық жастарын қамтуға мүмкіндік алып отырмыз», – деді Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының құқықбұзушылықтың алдын алу бөлімінің басшысы Дәуіржан Жұмахан.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Құқық қаласы» секілді интерактивті жобалар жастардың құқықтық сауатын арттырып, күнделікті өмірде кездесуі мүмкін киберқауіптерден қорғану дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.