Астанада экологиялық мәдениетті дамытуға үлес қосқан үздік мектептер марапатталды

Бүгін, 16:37
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада экологиялық мәдениетті дамытуға үлес қосқан үздік мектептер марапатталды
Фото: Оналхан Онерхан

Астанада Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шараның негізгі мақсаты - қалдықтарды бөлек жинау тәжірибесін ілгерілетуде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген білім беру ұйымдарын ынталандыру, сондай-ақ жас ұрпақ арасында экологиялық жауапкершілікті нығайту болды. 

«Жасыл даму» АҚ-ның Қоғаммен байланыс қызметінің басшысы Нұржан Дүйсебайдың айтуынша, қалдықтар EcoQolday бағдарламасы арқылы қайта өңдеу үшін зауыттарға жіберілетін болады.

«Бүгінде EcoQolday мобильді жұмыс қосымшасы істеп тұр. Ол арқылы қалдықтарды қайта өңдеу үшін зауыттарға  өткізуге болады», - деді ол.

Іс-шара барысында EcoQolday цифрлық жүйесін пайдалана отырып қайта өңдеуге жіберілген қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыруда және оқушылар арасында экологиялық білім беруді дамытуда жоғары нәтиже көрсеткен елорда мектептері марапатталды. 

Астана қаласы мектептері арасындағы байқауда І орынға Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясы (1825 кг қалдық жиналды), ІІ орынға Мағжан Жұмабаев атындағы №65 мектеп-гимназиясы (1236 кг), ІІІ орынға Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицейі (570 кг) ие болды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жарыс жүлдегерлерін Астана қаласы Білім басқармасының маманы Мәдина Сүлейменова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары Абылай Алмұханов, сондай-ақ «Халықаралық экологиялық академия» мекемесінің президенті Айгүл Әбдуәлиева марапаттады.

Жарыс жеңімпазы - Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясының директоры Нұрлан Искаков 5 ай ішінде оқушылар пластик бөтелкерін, олардың қалпақтарын жеке-жеке жинап, сұрыптағанын айтты.

«Қағаздарын да бөлек жинады. Осы уақыт аралығында оқушыларда экологиялық мәдениет қалыптасты. Сұрыптай отырып, қалдықтарды толығымен өткізді. Біз сондай-ақ еңбек сабағында да пластик қалдықтардан заттар жасадық. Оларды ешқайда тастамай, еліміздің таза болуына үлесімізді қостық», - деді ол.

Жалпы жобаға Астана қаласының 107 мектебі қатысты. Жоба аясында оқушыларға арналған экологиялық білім беру іс-шаралары өткізілді, сондай-ақ қалдықтарды бөлек жинауға арналған 2730 экоурна орнатылды. Бұл оқушылардың экологиялық белсенділігін айтарлықтай арттырды.