Астанада ауа райының қолайсыздығына байланысты 20 рейс кейінге шегерілді

Бүгін, 13:46
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада ауа райының қолайсыздығына байланысты 20 рейс кейінге шегерілді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана әуежайында ауа райы мен авиакомпаниялардың қызметіне байланысты бірнеше рейс кестесіне өзгерістер енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Қазірге дейін Алматы, Қостанай, Шымкент, Өскемен, Орал, Қызылорда, Бішкек және Омбы бағыттарына ұшуы тиіс 11 рейстің уақыты өзгерді. Олардың екеуі операциялық себептерге, үшеуі ұшақтарды ауыстыруға, қалғандары кешігуге байланысты кейінге қалдырылған.

Сонымен қатар Шымкент, Петропавл, Семей, Алматы және Омбы бағыттарына 9 рейс кейінге шегерілді. Астанадағы қолайсыз ауа райынан 2 рейс кейінге қалдырылса, қалғандары кешігу себебінен басқа уақытта ұшатын болды», - делінген хабарламада. 

Ауа райының нашарлауына байланысты Астанада қонуға 3 рейс, ұшуға 8 рейс толық тоқтатылды. 

Синоптиктердің мәліметінше, 10 наурызда Астанада көшпелі бұлттан кейін өткінші қар жауады, бұрқасын болып, артынша тұман түседі. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 9-14 м/с, кей жерлерде 15-20 м/с, күндіз 23 м/с дейін жетуі мүмкін.

Жолаушыларға рейстердің ағымдағы жағдайын авиакомпаниялардан немесе әуежайдың ресми сайты nn-airport.kz порталындағы онлайн рейс тақтасынан бақылау ұсынылады.

Еске сала кетейік, полиция ақтүтек боранда алыс жолға шықпауға кеңес береді.