Полиция ақтүтек боранда алыс жолға шықпауға кеңес береді

Бүгін, 13:35
Думан Аманжол Думан Аманжол
Полиция ақтүтек боранда алыс жолға шықпауға кеңес береді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Арқа өңірінде ақтүтек боранға байланысты республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда көлік қозғалысы уақытша шектеліп, полиция қызметкерлері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Тәртіп сақшылары негізгі автожолдарда тексеріс жұмыстарын жүргізіп, жолда қалған көліктерге көмек көрсетіп, қауіпті учаскелерде кезекшілік атқарып жатыр. 

«Қазіргі уақытта барлық бағыттағы жолдарға тексеріс жүргізілуде. Кейбір учаскелерде көру мүмкіндігі мүлдем төмендеген. Сонымен қатар жол бойында қар құрсауында қалып қойған көліктер де бар. Осыған байланысты барлық жүргізушілерге ауа райы тұрақталғанша алыс жолға шықпауға кеңес береміз», - деді патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов.

Полиция тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. 

Ауа райы күрт нашарлаған жағдайда алыс сапарларды кейінге қалдырып, жолға шығар алдында жолдың ашық немесе жабық екені туралы ресми ақпаратты тексеру қажет.

Еске салсақ, елордада коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті.