Елордада коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті

Бүгін, 10:19
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада қалың қар жауып жатыр. Қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Өткен түнде елордадан қар полигондарына 3 192 ауыр жүк көлігінің рейсімен 51 705 текше метр қар шығарылды

10 наурыз күні таңертең қаланы қар мен мұздан тазалау жұмысына 1 716 арнайы техника және 3 031 жол жұмысшысы жұмылдырылды.

Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылуда. Осыдан кейін қозғалыс қарқыны орташа учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда қар тазалау жұмыстары жүргізіледі», - делінген хабарламада.

Қыс маусымы басталғалы бері қар полигондарына барлығы 466 951 рейспен 7 миллион текше метрден астам қар шығарылды.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 10 наурыз күні Астанада кей уақытта қар жауып, бұрқасын соғып, тұман түсуі мүмкін. Солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетіп, күндіз кей сәттерде 23 м/с-қа дейін күшейеді.

Ауа райының нашарлауына байланысты тұрғындарға мынадай қауіпсіздік шараларын сақтау қатаң түрде ұсынылады:

• дауылды ескертулерді қадағалау;

• жолдардың жабылуы туралы ақпараттарды ескеру;

• әсіресе қараңғы уақытта алыс қашықтыққа жолға шықпау және жаяу жүріп өтуден бас тарту.

Тұрғындардың қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен жаяу жүргіншілер аймақтары тайғаққа қарсы материалдармен өңделуде.

Қаланы тазалау және өңдеу жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жүргізіліп жатыр.

Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын жолдар мен тротуарларда мұқият болуға, қауіпсіздік талаптарын сақтауға және алыс жолға шығар алдын ауа райы жағдайын ескеруге шақырады.

Еске сала кетейік, елордада ауа райының қолайсыздығына екінші ауысымның 0-6-сынып оқушылары қашықтан оқиды.