Астанада әлемнің жетекші омыртқа хирургтары Қазақстанның тәжірибесін талқылады
Астанада өңірдегі ең ірі халықаралық медициналық іс-шараның бірі – заманауи эндоскопия мен омыртқаның аз инвазивті хирургиясына арналған IV Орталық Азия CASMISS-2026 конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ-ға сілтеме жасап.
Форумға 10-нан астам елден келген жетекші омыртқа хирургтары, нейрохирургтер және травматолог-ортопедтер әлемдік трендтер ғана емес, сонымен қатар жоғары технологиялық нейрохирургия мен ортопедия саласында берік орныққан Қазақстанның практикалық тәжірибесін де талқылап жатыр.
Конференцияны ашқан академик, Ұлттық нейрохирургия орталығы Басқарма төрағасы Серік Ақшолақов елдегі омыртқа хирургиясының дамуы ондаған жылдар бойы қалыптасқан қуатты ғылыми мектепке негізделгенін және бүгінде халықаралық медициналық қауымдастықпен белсенді ықпалдасып отырғанын атап өтті.
«Қазақстандық нейрохирургия әрдайым жоғары кәсіби деңгейде дамып келеді. Бүгінде біз тек тәжірибе қабылдап қана қоймай, халықаралық әріптестермен бірге оны қалыптастырып келеміз. Бұл пациенттерді барынша қауіпсіз әрі тиімді емдеуге мүмкіндік беретін технологияларды енгізуге жол ашады», – деді академик.
Академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры Олжас Бекарысов та аз инвазивті технологияның дамуы Қазақстандағы заманауи медициналық практиканың стандартына айналғанын айтты.
Конференцияда өз ұстанымы мен халықаралық тәжірибесін Оңтүстік Кореядан шақырылған сарапшы, омыртқаның эндоскопиялық және аз инвазивті хирургиясы саласындағы әлемдік жетекші мамандардың бірі профессор Кан Таек Лим (Kang Taek Lim) де ұсынды.

Ол омыртқа хирургиясын дамытудағы халықаралық ынтымақтастықтың артып келе жатқан рөлін және операциялардың қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін практикалық хирургиялық технологиялармен алмасудың маңыздылығын атап өтті.
CASMISS-2026 Қазақстанның халықаралық ғылыми пікірталастарды қабылдаушы тарап қана емес, сонымен қатар омыртқа хирургиясының өзіндік мектептері белсенді дамып жатқан, эндоскопиялық технологиялар енгізіліп, жаңа клиникалық хаттамалар қалыптасып отырған толыққанды құзырет орталығы екенін көрсетеді.
Форум шеңберінде омыртқа жарығы мен деформацияларын емдеудің аз инвазивті әдістеріне ерекше назар аударылды. Бұл тәсілдер операциялық жарақатты айтарлықтай азайтып, асқыну қаупін төмендетуге және пациенттің бірнеше күн ішінде қалпына келуіне мүмкіндік береді.
Еске салсақ, Денсаулық сақтау министрлігі жусан тозаңына аллергияны емдеуге арналған отандық препараттың клиникалық зерттеуінің екінші кезеңін бастады.