Астанада АИТВ-ның алдын алу шаралары: Бүгінгі таңда қандай профилактика тиімді?

Астанада АИТВ-ның алдын алу шаралары: Бүгінгі таңда қандай профилактика тиімді?
Фото: freepik.com

Елорда аумағында АИТВ-ның профилактикасы, диагностикасы және емі бойынша бағдарламалар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары мен ұлттық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

АИТВ инфекциясымен күрес Астана қаласының денсаулық сақтау жүйесі қызметінің маңызды бағытының бірі. Ол үшін жүйелі түрде тестілеуден өту қажет. Тестілеу Астанада қалалық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығында, сондай-ақ тіркелген медициналық ұйымдарда тегін және құпия түрде жүргізіледі. АИТВ-ны уақтылы анықтау емдеуді ерте бастауға мүмкіндік береді және вирустың қаупін төмендетеді.

Астанада антиретровирустық терапия АИТВ-мен өмір сүретін барлық адам үшін тегін және оны АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы ұсынады. Заманауи емдеу схемасы вирустық жүктеменің анықталмайтын деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Препараттарды тұрақты қабылдаған жағдайда адам АИТВ-ны жыныстық жолмен жұқтырмайды, бұл ғылыми деректермен дәлелденген және денсаулық сақтау практикасында қолданылып келеді (анықталмайтын = жұқтырмайтын қағидаты).

Қалада жұқтыру қаупі жоғары адамдар үшін байланысқа дейінгі алдын алу (PrEP) қолданылады. PrEP – бұл АИТВ теріс адамдардың вируспен ықтимал байланысқа дейін антиретровирустық препараттарды қабылдауы және сол режим сақталған жағдайда тиімді алдын алу шарасы болып саналады.

Шұғыл жағдайда байланыстан кейінгі алдын алу (PEP) шарасы қолданылады. Ол инфекция жұқтыру қаупі бар ықтимал байланыстан кейін тағайындалады, мысалы қорғалмаған жыныстық қатынас немесе кәсіби жағдайда қанмен байланыс болған кезде тағайындалады. Препараттарды қабылдау мүмкіндігінше ертерек, бірақ байланыстан кейін 72 сағаттан кешіктірмей басталуы тиіс.

Ауыр дертпен күресте медициналық әдіспен қатар профилактиканың барьерлік және мінез-құлықтық шаралары да маңызды рөл атқарады. Астанада тұрғындарды алдын алу шаралары туралы ақпараттандыру, мүшеқаптарды пайдалану қажеттілігі, инъекциялық құралдарды бірлесіп пайдаланудан бас тарту, сондай-ақ медициналық және косметологиялық процедураларды жүргізу кезінде санитарлық нормаларды сақтауға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар тұрғындар үшін қолжетімді әрі тиімді болып қала береді.

Қазіргі таңда АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алуға ерекше назар аударылады. Барлық жүкті әйелдер АИТВ-ға міндетті түрде екі рет тестілеуден өтуі тиіс. Инфекция анықталған жағдайда медициналық бақылау мен ем шарасымен қамтамасыз етіледі, бұл балаға жұқтыру қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.

Астанада қазіргі уақытта антиретровирустық терапияның және ұзақ мерзімді профилактиканың инъекциялық формалары қолданылмайтынын атап өткен жөн. Қалада АИТВ-ның профилактикасы мен емі клиникалық практикада тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген таблетка түріндегі препараттарды қолдану арқылы жүргізіледі.

Осылайша, бүгінгі күні Астана қаласында АИТВ профилактикасы тестілеуді, емге қолжетімділікті, байланысқа дейінгі және байланыстан кейінгі алдын алуды, сондай-ақ денсаулыққа жауапты көзқарасты қалыптастыруды қамтитын кешенді тәсілге негізделген. Іске асырылып жатқан шаралар эпидемиологиялық ахуалды тұрақты ұстап тұруға және тұрғындардың хабардарлығын арттыруға мүмкіндік береді.

Астана қаласы әкімдігінің «АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы» МКҚК 

дәрігер эпидемиологы Жанна Айтмағанбетқызы