Астанада 500-ден астам бүлдіршін мерекелік бағдарламаға қатысты
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Green Mall сауда-ойын-сауық орталығының ашық алаңында балаларға арналған мерекелік шығармашылық іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мерекелік шараға AMANAT партиясы Астана қаласы «Нұра» аудандық филиалы жанындағы «Инклюзивті қоғамның дамуына жәрдемдесу» басым бағытының тең төрайымы Бақытжан Нуркина мен «Нұра» аудандық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы Аида Омарбекова қатысып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.
«Бүгінгі шараға қатысушылардың қатарында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар да бар. Басты мақсатымыз – инклюзивті ортаны дамыту, балалардың шығармашылық әлеуетін қолдау және қоғамдағы тең мүмкіндіктер қағидаттарын насихаттау.
Мерекелік шара «Нұра» аудандық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының, демеушілердің қолдауымен өтуде», – деді іс-шара ұйымдастырушысы Бақытжан Бектұрқызы.
Мерекелік іс-шараға 500-ден астам бала қатысты. Бағдарлама аясында балаларға арналған түрлі шеберлік сағаттары, қызықты ойындар мен аниматорлардың қатысуымен көңілді бағдарламалар ұйымдастырылды.

Концерттік бағдарлама барысында бүлдіршіндер өз өнерлерін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
«Біз бүгін сахнаға шығып, құрбыларымызбен бірге би биледік. Сыйлықтар алдық. Мереке өте көңілді өтті. Болашақта үлкен сахналарда өнер көрсеткіміз келеді», – деді іс-шараға қатысушылар Еркежан мен Жәния.

Іс-шара барысында Аида Омарбекова демеушілер атынан балаларға арнайы марапаттар мен сыйлықтар табыстап, жүрекжарды тілегін жеткізді.
Мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Балаларды қолдау мен олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған мұндай бастамалар қоғамдағы инклюзивті мәдениетті нығайтуға және жас ұрпақтың жан-жақты дамуына оң ықпал етуде.