Бүгін елордадағы «Жастар» театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермек Аманшаевтың «Қыр астындағы сол бір ғажайып әлем» әфсанасының желісімен жазылған «1001 түн» қойылымының премьерасы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрқанат Жақыпбай.
«Шығыс жұлдыздарын бұрыннан қызығып оқитынмын. Соның философиялық шумақтарын қойылымға қостым. Сондай-ақ қазақи мақамдар өте көп. Мұнда көрерменге ой салатын дүние бар.
Қойылымға «Жастар» театрының барлық әртістері қатысады. Костюмдермен қоюшы-суретші Ерлан Тұяқов айналысты. Оларды шығыстың емес, қазақи ұлттық нақышта жасадық. Бастысы, олар заманауи стильде тігілген», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты – «Жастар» театрының көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай.

«1001 түн» – бұл жай ғана қойылым емес. Бұл – жан мен жүректің, билік пен махаббаттың, сенім мен құпияның сахнадағы шайқасы.
Қойылымды тамашалау барысында көрермен қиял-ғажайып әлемге еніп, ойнақы әуен мен нәзік қимыл арқылы өмірдің көпшілік байқамайтын бояуын, іштегі үнсіз күрес пен үнді сезімді көркем өнер тілінде сезінеді.