Астана Қоғамдық кеңесінің төрағасы елордалықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

Бүгін, 15:51
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астана Қоғамдық кеңесінің төрағасы елордалықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі Зұлфухар Ғайыпов елорда тұрғындары мен қонақтарын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары!

Баршаңызды келе жатқан 2026 жаңа Жылқы жылымен шын жүректен құттықтаймын!

Дана халқымызда «Ескі жыл есіркей көр, жаңа жыл жарылқай көр» деген ұлағатты сөз бар. Ендеше, өтіп бара жатқан жылға ешкімнің де өкпесі жоқ болар. Еліміз көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Ең басты байлығымыз – елдің ынтымағы мен бірлігі бекем болды. Соның арқасында ішкі және сырты саясатта тұрақты даму бар», - деді Зұлфухар Ғайыпов. 

Сондай-ақ ол елдің ертеңге деген сенімі артқанын атап өтті.

«Азаматтарымыз Әділетті қоғам, Адал еңбек, Адал табыс, Адал азамат атты асыл құндылықтарымен қайта табысып, оны өмір салтына айналдыруда.

Заманында даңықты бабабыз Күлтегін қаған «Бегі халқына, халқы бектеріне сенген ел ұзақ жасайды» деген екен. Елдігіміз еңселі болғай!

Жаңа жылда бір-бірімізге деген сый-құрметіміз, ынтымақ-берекеміз және парасаттылығымыз бен жасампаздығымыз арта берсін.

Баршамызға Жаңа жыл жайлы болсын!» - деді Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы.