«Астана – Қарағанды» тас жолында 7 автокөлік соқтығысты
Бүгін таңертең Ошағанды ауылының маңында 7 автокөлік соқтығысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол» компаниясына сілтеме жасап.
Жол апаты қолайсыз ауа райына байланысты қозғалысқа шектеу қойылған кезде болды. Яғни, Қарағанды облысы полиция департаменті жолда рұқсат етілген жылдамдықты 80 км/сағатқа дейін төмендетті. Бұл шектеу сағат 9-дан бастап күшіне енді.
Сондай-ақ, Ақмола облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты сағат 9-дан бастап аталған учаскеде барлық көлік түрінің жүрісі шектелді. Ал Қарағанды облысы аумағында шамамен сағат 10:00-ден бастап ауа райы бұзылып, жол көрінуі нашарлаған.
Айта кетерлігі, көлік апаты болған жерде жолшылардың патрульдік техникасы кезекшілікте тұрған.
«Қазіргі уақытта жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 11 арнайы техника жұмылдырылды. Оның ішінде 7 кешенді жол машинасы, 2 жол жөндеу қызметінің техникасы, 1 жүк тиегіш және 1 трактор бар. Жол қызметтері апат салдарын жою, сондай-ақ, жол бойында қауіпсіз көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін жұмыс жүргізді», деп хабарлады «ҚазАвтоЖолдың» баспасөз қызметі.
Еске салсақ, полиция ақтүтек боранда алыс жолға шықпауға кеңес берді.