Астана прокуратурасы кейінгі уақытта жиілеп кеткен шулы құттықтауларға қатысты пікір білдіріп, тұрғындарды өзгенің тыныштығын құрметтеуге шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
Елордалық прокуратура бұл мәселе бойынша қатаң ұстаным қалыптасқанын атап өтті.
«Соңғы уақытта тұрғын үйлердің маңында түнгі уақытта қатты музыкамен отшашу атып, туған күн иелерін құттықтау дәстүрге айналып барады. Бұл автокөлік дабылдарының жаппай іске қосылуына әкеліп, тұрғындардың орынды наразылығын тудырады.
Елорда прокуратурасы осы мәселе бойынша қағидатты ұстаным қалыптастырып, құқық бұзушыларды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі «Ұсақ бұзақылық» бойынша жауаптылыққа тарту тәжірибесін енгізді.
Қазірдің өзінде 26 құқық бұзушы әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Олардың 19-ы 10 тәулікке дейін қамауға алынды, 14 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған 6 әйелге, сондай-ақ 1 кәмелетке толмағанға айыппұл салынды.
Түнгі уақытта, адамдар арасында, тұрғын үйлердің немесе автокөліктердің маңында пиротехниканы іске қосу адамдардың өміріне, өрт қауіпсіздігіне, денсаулығына және мүлкіне тікелей қауіп төндіреді.
Елорда прокуратурасы азаматтарды өзгенің тыныштығын құрметтеуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады», - деп үндеу жасады прокурорлар.
Еске салайық, бұған дейін елордада досының үйлену тойында отшашу атқан жігіттің 5 тәулікке қамалғаны туралы жаздық.