«Астана Опера» театры жаңа маусымды «Абай» қойылымымен ашады

Бүгін, 15:49
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Астана Опера» театры жаңа маусымды «Абай» қойылымымен ашады
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Астана Балет», «Астана Опера» және Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында жақында жаңа маусым басталады. Биыл көрерменге ұлттық репертуардағы туындылар, гастроль аясындағы қойылымдар және қазақ әдебиетінің классикасы негізінде сахналанған балет премьерасы ұсынылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Жаңа маусымды алғаш болып «Астана Балет» театры бастайды. 28 және 29 тамызда театр сахнасында Корей ұлттық балеті Адольф Аданның музыкасына қойылған «Корсар» спектаклі көрсетіледі. Қойылымның хореографы – Сон Чжонбин.

XIV маусым ашылғаннан кейін «Астана Балет» труппасы Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрін танытатын хореографиялық миниатюралар бағдарламасымен Вьетнам мен Францияда өнер көрсетеді. Аустриядағы гастроль аясында әртістер Вена сахнасында Blind Forgiveness және «Қос кілем» балеттерін ұсынады.

Алдағы маусымда екі актілі жаңа балет сахналанып, симфониялық концерттер мен түрлі шығармашылық жобалар ұйымдастырылады.

«Астана Опера» XIV театр маусымын 4 және 5 қыркүйекте Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің Мұхтар Әуезов либреттосына жазылған «Абай» операсымен ашады.

Қойылым композиторлардың туғанына 120 жыл толуына орай сахналанады. Спектакль дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев.

Маусым барысында театрда бірнеше премьера өтеді. Олардың қатарында Константин Радевтің хореографиясындағы «Чарли және Ирэн», Саттар Ғұмар сахналаған «Томирис» балеттері және режиссер Еслан Тойкеновтің балаларға арналған «Арман» музыкалық спектаклі бар. Сонымен қатар «Астана Опера» сахнасында Мемлекеттік ұлт театры Антон Чеховтің «Ваня ағай» және Жан-Батист Мольердің «Тартюф» спектакльдерін қояды.

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 93-маусымын 12 және 13 қыркүйекте «Ақбала» ұлттық балетінің премьерасымен ашады. Қойылым Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының желісімен сахналанып, шығарма алғаш рет балет өнері арқылы көрерменге жол тартады.