Astana Half Marathon жарысына 30-дан астам елден желаяқтар қатысады
Елордада 7 маусым күні Astana Half Marathon жартылай марафоны бесінші рет, мерейтойлық форматта өтеді. «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастыратын елордадағы ең ірі жүгіру жарысына әлемнің 30-дан астам елінен 7 мың желаяқ келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Astana Half Marathon жарысына almaty-marathon.kz сайты арқылы тіркелуге болады.
Жарыстың мәресі «Қазақ елі» монументі жанындағы Тәуелсіздік алаңынан басталады. Бағыт елорданың негізгі урбанистикалық нысандары мен негізгі көрікті жерлерін қамтиды.
Іс-шараға желаяқтар, жанкүйерлер және старт қалашығының қонағы ретінде кез келген адам қатыса алады.
Жартылай марафонның толық бағыты қосымша жарияланады.
Дәстүр бойынша жарыс төрт қашықтық бойынша өтеді: 21,1 км, 10 км, 10 км скандинавиялық жүріс және «Экиден» командалық эстафетасы. Қатысуға кәсіби спортшылар мен әртүрлі жастағы әуесқой желаяқтар шақырылады. Белгіленген уақыт ішінде қашықтықты толық аяқтаған барлық қатысушыға арнайы мәре медалі табысталады.
Сонымен қатар жартылай марафон аясында Қазақстан Республикасы Жеңіл атлетика федерациясымен бірлесіп, 21,1 шақырым қашықтық бойынша Қазақстан чемпионаты өтеді.
Жарыс жолына еліміздің үздік жеңіл атлеттері шығады, ал көрсеткіші Қазақстан Республикасы Жеңіл атлетика федерациясының ресми есебіне енгізіледі.
Жартылай марафон әлемнің 120 еліндегі 449-дан астам марафонның басын қосатын Халықаралық марафондар және ұзақ қашықтыққа жүгіру жарыстары қауымдастығына (AIMS) кіреді. Сондай-ақ оның бағыты World Athletics халықаралық сертификатына ие.
Қордың бастамасымен өтетін марафондар мен жартылай марафондарды, оның ішінде Astana Half Marathon жарысын ұйымдастыру Қазақстан Республикасында бұқаралық спортты дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған жол картасына енгізілген.
Іс-шара бағдарламасы:
05:00 – старт-мәре қалашығының ашылуы;
05:30 – дене қыздыру жаттығулары;
05:45 – 21,1 км қашықтыққа қатысушылардың, элиталық спортшылардың және «Экиден» эстафетасының қатысушыларын сапқа тұрғызу;
06:00 – 21,1 км қашықтықтың, элиталық жарыстың және «Экиден» эстафетасының басталуы;
06:20 – дене қыздыру жаттығулары;
06:35 – 10 км қашықтыққа және скандинавиялық жүріске қатысушыларды сапқа тұрғызу;
06:50 – 10 км қашықтық пен скандинавиялық жүрістің басталуы;
08:50 – марапаттау рәсімі;
10:00 – мәре аймағының жабылуы;
11:00 – іс-шараның ресми жабылуы.
Astana Half Marathon жарысы елорда әкімдігінің қолдауымен өтеді. Іс-шараны ұйымдастырушы – 2012 жылдан бері Қазақстанда бұқаралық спортты дамыту бағытында жұмыс істеп келе жатқан және жыл сайын 10-ға дейін спорттық іс-шара өткізетін «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры.
Еске сала кетейік, бұған дейін Astana Half Marathon кезінде қандай көшелер жабылатынын жазған болатынбыз.