«Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» газеттерінің бас редакторлары «Алтын Барыс» төсбелгісімен марапатталды

«Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» газеттерінің бас редакторлары «Алтын Барыс» төсбелгісімен марапатталды
Фото: Сұлтан Сейіт

Elorda Aqparat медиахолдингі құрамындағы «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр мен «Вечерняя Астана» газетінің бас редакторы Лариса Увалиева Президенттің Алғысымен және «Алтын Барыс» төсбелгісімен марапатталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Марапатты Президент Әкімшілігінің өкілдері редакцияға арнайы келіп табыстады.

«Сіз бірқатар беделді басылымдарда табысты жұмыс істеп, ақпарат саласын өркендетуге еңбек сіңірдіңіз. Қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, қазақ журналистикасының өрісін кеңейтуге атсалыстыңыз.

Ұлттық баспасөзді дамытуға қосқан елеулі үлесіңіз үшін Сізге алғысымды білдіремін», - деп жазылған Президенттің Алғысында.

Elorda Aqparat медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбек Президент Әкімшілігі өкілдеріне ризашылығын жеткізіп, марапат иелеріне шығармашылық табыс тіледі.

Естеріңізге сала кетейік, қазан айында «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдық мерейтойына арналған «Елорда шежіресі» атты салтанатты концерт өткен болатын.

Сондай-ақ жақында «Астана ақшамы» газеті «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері, ал Elordainfo.kz сайты Namys спорттық сыйлығының жеңімпазы атанды.