Elordainfo.kz сайты Namys спорттық сыйлығының жеңімпазы атанды

Elordainfo.kz сайты Namys спорттық сыйлығының жеңімпазы атанды
Фото: Василий Крась

Бүгін, 23 желтоқсан күні, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы Namys спорттық сыйлығын табыстап, жылдың үздіктерін марапаттады. Elordainfo.kz ақпараттық порталы Namys спорттық сыйлығының «Үздік спорттық портал» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Астананың Бейбітшілік және келісім сарайында өткен салтанатты іс-шарада «Үздік спорттық портал» ретінде Elordainfo.kz ақпараттық порталы лайық деп танылды.

«2025 жыл спорттық оқиғаларға бай болды. Астана қаласы алғаш рет World Boxing ұйымының Әлем кубогы кезеңін, ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатын және парадзюдодан әлем чемпионатын қабылдады.

Елорда спортшылары халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, көркем гимнастикадан Ақмарал Ерекешева тарихи алтын медаль жеңіп алса, Санжар Тәшкенбай мен Айбек Оралбай әлем чемпионы атанды.

Бұқаралық спортты насихаттау барысында да Elordainfo.kz сайты ақпаратты жедел әрі нақты ұсына білді. Осы қарқында жалғастыра беруге ниеттіміз», – деді Elorda Aqparat медиахолдингінің басшысы Олжас Сыдықбек.

Айта кетейік, кеш барысында 2025 жылы спорт саласындағы негізгі бағыттарды қамтитын «Жылдың үздік спортшысы», «Пара-сурдо-инклюзивті спортшысы», «Ұлттық спорт түрлерінен үздік спортшы», «Үздік жаттықтырушы», «Жыл серпіні», «Үздік спорттық ұйым», «Үздік спорттық арна», «Үздік спорттық портал» және басқа да аталымдар бойынша жеңімпаздар марапатталды.

Бұған дейін Астанада Namys спорттық сыйлығының жеңімпаздары белгілі болғанын егжей-тегжейлі жаздық.