Ақтауда Ұлттық ұлан рота командирлерінің оқу-әдістемелік жиыны өтіп жатыр
Ақтау қаласындағы 6656 әскери бөлімінің базасында Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес рота командирлеріне арналған үш күндік оқу-әдістемелік жиын ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Атырау, Ақтөбе, Ақтау және Орал гарнизондарынан келген 40-қа жуық рота командирі қатысып жатыр.

Жиынның басты мақсаты – Ұлттық ұлан офицерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру, олардың теориялық және практикалық білімін жетілдіру, сондай-ақ командирлер арасында тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету.
– Бұл оқу-әдістемелік жиын рота командирлерінің кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған. Мұндағы тәжірибе кейін олардың өз бөлімдерінде жеке құрамды сапалы даярлауға мүмкіндік береді, – деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік даярлық басқармасының бастығы Хамит Казенов.
Жиын далалық жағдайда, яғни полигонда өткізіліп жатыр. Қатысушылар дене шынықтыру және атыс даярлығы бойынша практикалық тапсырмаларды орындап, белгіленген нормативтерді тапсырады. Сонымен қатар байланыс, әскери топография, әскери-медициналық дайындық және тактикалық шеберлікті жетілдіруге бағытталған сабақтар жүргізіледі.
Аталған оқу-әдістемелік жиын рота командирлерінің басқарушылық қабілетін нығайтып, жалпы жауынгерлік дайындық деңгейін арттыруға ықпал ететін маңызды шара болып саналады.
Бұған дейін әскери борышын өтеген мыңнан астам сарбаздың грант иегері атанғанын жазған едік.