Референдум-2026

Амангелді Есбай: Қазақстан мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне негізделген сапалы даму жолына түсті

Бүгін, 16:52
Думан Аманжол Думан Аманжол
Амангелді Есбай: Қазақстан мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне негізделген сапалы даму жолына түсті
Фото: Амангелді Есбайдың Facebook парақшасы

Қоғам қайраткері, экс-сенатор Амангелді Есбай қазақстандықтарды Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының заңды күшіне енуімен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ол өз құттықтауында жаңа Конституция мемлекет дамуының тарихи кезеңін айқындайтын, еліміздің болашағына бағыт-бағдар беретін маңызды құжат екенін атап өтті.

«Жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, әділдікке, заң үстемдігіне және қоғамдық келісімге негізделген жаңа даму кезеңінің берік құқықтық тұғырын қалыптастырады.

Бүгіннен бастап еліміз саяси жаңғыру мен институционалдық реформаларды жалғастырып, мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне негізделген жаңа сапалы даму жолына қадам басады.

Конституция – халқымыздың ортақ еркі мен бірлігінің көрінісі. Оның басты құндылықтары әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыруға, жасампаз еңбекке, білім мен жауапкершілікке, заң мен тәртіпке құрметті нығайтуға бағытталған.

Берекелі бірлігімізді бекемдеп, ортақ мақсатқа жұмыла отырып, Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз. Еліміздің өсіп-өркендеуі, халқымыздың амандығы мен бақ-берекесі жолындағы игі бастамалар әрдайым жемісті болсын», деді Амангелді Есбай.