Амангелді Есбай: Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның берік іргетасы
Қоғам қайраткері, экс-сенатор Амангелді Есбай Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жариялаған үндеуіне қолдау білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, Президенттің үндеуі еліміздің болашағына бағытталған маңызды тарихи қадамның айқын көрінісі.
«Жаңа Конституция – бұл заңнамалық құжат қана емес, халқымыздың еркін білдіретін, мемлекетіміздің ұзақмерзімді дамуы мен тұрақты өркендеуінің берік негізі. Ол заң үстемдігін, әділеттілікті, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етіп, қоғамның бірлігі мен жауапкершілігін нығайтуға бағытталған.
Еліміздің жаңару жолындағы бұл тарихи кезең әрбір азаматтың ел тағдырына деген жауапкершілігін арттырып, ортақ мақсаттарға жұмылуға үндейді. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік, Бірлік, Тазалық және табиғатты аялау секілді құндылықтар Қазақстанның тұрақты дамуының басты қағидаттарына айналады.
Біз бірлігі бекем, болашағына сеніммен қарайтын ел ретінде Әділетті Қазақстанды бірге құрып, тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесімізді қоса береміз.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Конституциямыз мәңгілік құндылық, Қазақстанымыз қуатты әрі гүлденген мемлекет болсын», - деді Амангелді Есбай.