Алматыда құны 5 млн теңгедей болатын омыртқа операциялары тегін жасалады
Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында құны 5 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін омыртқаға жасалатын заманауи жоғары технологиялық операциялар медициналық көрсетілімдер болған жағдайда МӘМС және ТМККК шеңберінде тегін жүргізіледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Ауруханада робот-ассистивті технологиялар мен нейронавигация жүйесін қолдана отырып, күрделі нейрохирургиялық операциялар жасалады. Атап айтқанда, омыртқа өзегін декомпрессиялау және транспедикулярлық бұрандаларды орнату операциялары жүргізіледі.
Ауруханасының нейрохирургі Марат Алматов омыртқа аурулары, эпилепсия, сколиоз, инсульт пен бас-ми жарақаттарының салдары кезінде күрделі операциялар жасайды. Сондай-ақ ми қан тамырлары аурулары, созылмалы ауырсыну синдромдары және қозғалыс бұзылыстары бар пациенттерге медициналық көмек көрсетеді.
«Заманауи робот-ассистивті технологиялар күрделі операцияларды жоғары дәлдікпен жүргізуге мүмкіндік береді. Ал медициналық көрсетілімдері бар пациенттер мұндай медициналық көмекті МӘМС және ТМККК шеңберінде қосымша ақы төлемей ала алады», - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстауда дәрігерлер сирек кездесетін ота жасап, мойын омыртқасы зақымданған науқасты аман алып қалғаны туралы жаздық.