Алимент төлемеген семейлікке көлік жүргізуге уақытша тыйым салынды

Бүгін, 14:15
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Алимент төлемеген семейлікке көлік жүргізуге уақытша тыйым салынды
Фото: freepik.com

Семей қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты борышкердің көлік құралын басқару құқығын тоқтата тұру туралы сот орындаушысының ұсынысын қанағаттандырды, деп хабарлады Elordainfo.kz Абай соттарына сілтеме жасап. 

Сотта анықталғандай, жеке сот орындаушысы кәмелетке толмаған балаларды асырауға алимент өндіру туралы атқарушылық іс жүргізген. 2025 жылы қазанда борышкердің алимент бойынша берешегі 1,36 млн теңгеден асқан. Атқарушылық құжатты мәжбүрлеп орындату шарасы қабылданғанына және жауаптылық туралы бірнеше рет ескертілгеніне қарамастан, борышкер талаптарды уақтылы орындамаған.
Сот заңға сәйкес алимент берешегі болған жағдайда көлік құралын басқару құқығын тоқтата тұру туралы сотқа ұсыныс енгізуге құқылы екенін көрсетті. Көлік басқару алимент берешегі толық өтелгенге дейін уақытша тоқтатылуы мүмкін.
Борышкердің жүргізуші куәлігі қажет екендігі туралы уәжі, сондай-ақ берешектің мардымсыз бөлігін ерікті түрде ішінара өтеуі сот тарапынан негізсіз деп танылды. Сонымен қатар сот борышкердің тұрақты табысы бар екенін және көлік құралын басқару оның жалғыз табыс көзі екендігін дәлелдейтін айғақ ұсынбағанын атап өтті.
Сот алимент өндіру туралы атқарушылық құжаттың әлеуметтік маңызы бар істер санатына жататынын, олардың орындалуы басым және бірінші кезектегі сипатқа ие екенін, ал мәжбүрлеу шаралары ең алдымен балалардың құқығы мен заңды мүддесін қорғауға бағытталғанын ерекше атап өтті.
Істі қарау нәтижесі бойынша сот жеке сот орындаушысының ұсынысын қанағаттандырып, алимент бойынша берешек толық өтелгенге дейін борышкердің көлік құралын басқару құқығын тоқтата тұрды.
Сот актісі заңды күшіне енді.

«Сот тәжірибесі алименттік міндеттемелерді орындамау арнайы құқықтарды шектеуден бастап, әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа дейінгі мәжбүрлеу шараларын қолдануға әкеп соғатынын көрсетеді. Атқарушылық құжаттың талаптарын ерікті әрі уақтылы орындау мұндай салдардың алдын алуға мүмкіндік береді және ең алдымен алименттік міндеттемелер белгіленген балалардың мүдделерін қорғауға бағытталған», - делінген борышкерлерге арналған ұсынымда. 

Еске салайық, бұдан бұрын Қостанайда сот орындаушыларының 963 млн теңге алимент қарызын өндіріп алғаны туралы жаздық.