Әлем чемпионатында жүлделі болған жас шорт-трекшілер елге оралды

Әлем чемпионатында жүлделі болған жас шорт-трекшілер елге оралды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Елорданың халықаралық әуежайында шорт-тректен АҚШ-та өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жүлдегерлерін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

29 қаңтар - 1 ақпан аралығында Солт-Лейк-Ситиде өткен жаһандық додада Қазақстан құрамасы 2 қола медаль жеңіп алды. Оның ішінде елордалық спортшы Богдан Вехов 1 000 метр қашықтықта әлем рекордын жаңартып, қола жүлдегер атанса, әйелдер эстафетасында Нұрия Алпысбай да жүлдегерлердің қатарынан көрінді. 

«Әлем чемпионатынан жүлделі болу кез келген спортшыға қуаныш сыйлайтыны түсінікті. Бірақ чемпион атанбағаныма сәл қынжыламын. Әйтсе де қарсыластарым осал болды деп айта алмаймын. Олардан озу үшін, түрлі тактика құрастырып, есеппен жүгіруге тиіссің. Бұйырса келесі жылы елордада ұйымдастырылатын әлемдік бәсекеде тарихи алтынды алуға барымды аламын. Қазір сәл қалпыма келіп, теледидар арқылы Милан-2026 Олимпиадасында өзімнің отандастарыма жанкүйер боламын. Ал наурыз айында ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында бақ сынаймын», - деді Богдан Вехов.

Богдан Веховтың бұл әлемдік додадағы алғашқы жүлдесі емес. Ол 2025 жылы Канадада өткен төрткүл жарысында да эстафета сайысынан 2 қола медаль алған еді.

«Алға қойған мақсатымыздың барлығы орындалды деп айта алмаймыз. Әйтсе де 2 қола жүлдемен оралу да жақсы көрсеткіш. Оның үстіне енді 1 000 метр қашықтықтағы әлем рекорды Қазақстанға тиесілі екендігін де айта кетейік. АҚШ-тағы әлем чемпионатына арнайы түрде көп дайындалдық. 12 сағаттық айырмашылық болса да, жарыстан 4 күн бұрын барып, бейімделдік. Енді 2027 жылы өз жеріміздегі айтулы додадан үлкен үміт күтеміз. Ол жерде қазіргі құрамнан Богдан Вехов пен Нұрия Алпысбайдың қатысуға мүмкіндігі бар. Ал қалған спортшылар жастарына байланысты ересектер сапына ауысады», - деп жасөспірімдер құрамасының бас бапкері Данабек Хайыр.

Дайындық барысында жасөспірімдер құрамасы Милан-2026 Олимпиадасына жолдама алған ұлттық құрамамен дайындалған болатын.

«Менің спорттық мансабымдағы алғашқы әлем чемпионаты саналады. Әйтсе де дайындығымыздың жоғары болғандығын ескерсек, жүлделі болатынымызға сенімді болдық. Иә бұған дейін әлем кубоктарының кезеңдерінде бақ сынағанмын. Бірақ әлем чемпионатының атмосферасы, ұйымдастырылу деңгейі мүлдем бөлек екен», - деді эстафета сайысында қола жүлдегер атанған Нұрия Алпысбай.

Айта кетейік, енді жасөспірімдер арасындағы кезекті әлем чемпионатын 2027 жылдың 28-31 қаңтарында тұңғыш рет Астана қаласы қабылдайды.

Еске салсақ, шорт-тректің жас жұлдызы, елордалық Богдан Веховтың сұхбатын жариялаған болатынбыз.