Алдағы жылдары елорда су инфрақұрылымын дамытуда 20-ға жуық жоба жүзеге асырылады - қала әкімі
Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек instagram парақшасында елордада шаруашылық-тұрмыстық кәріз жүйелері, нөсерлі кәріздер, сумен жабдықтау жүйелері және т.б. инфрақұрылым нысандарын салу бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатқанын жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Ауыз су тапшылығын болдырмас үшін өткен жылы станцияларға бастапқы суды тәулігіне 50 мың м³ көлемінде жеткізетін техникалық су құбырын салуды бастадық. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 3,2 км құбыр салынды. Биыл 5 айда – 5,8 км. Осыған дейін, 2023 жылы үшінші сорғы-сүзгі станциясының (ССС-3) жұмысы іске қосылған болатын.
Алдағы жылдары магистральды су құбыры желілерін салу бойынша шамамен 20 жобаны іске асыру қажет. Қаланың дамуы мен су тұтыну көлемінің артуын ескерер болсақ, аталған жобаларды жүзеге асыру елорданы сенімді әрі үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Қала әкімі бұдан соң елорданың су бұру жүйесіне тоқталды.
«Өткен жылы шаруашылық-тұрмыстық кәріз желілерінің 10 шақырымы және кәріз-сорғы станциясын салу бойынша 2 жоба толық аяқталды. Биыл 2 кәріз-сорғы станциясын салу бойынша 2 жобаны аяқтау жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта орташа су бұру көлемі – 350-360 мың м³/тәулік (жыл сайынғы өсім шамамен 10 мың м³/тәулік) деңгейінде. Ағынды сулар қолданыстағы кәріз-тазарту құрылыстары (КТҚ) арқылы тазартылады.
Қуаттылығын арттыру мақсатында биыл тәулігіне 188 мың м³ өнімділікке ие КТҚ-2 нысаны және оған кіретін-шығатын коллекторлар құрылысы басталады. Сонымен қатар Көктал, Өндіріс елді мекендерінде және Индустриялық парк аумағында жалпы өнімділігі тәулігіне 85 мың м³ болатын жергілікті тазарту құрылысын (ТҚ) жобалау жұмысы жүргізілуде, сондай-ақ қолданыстағы КТҚ-1 нысанын жаңғырту арқылы оның өнімділігін тәулігіне 25 мың м³-ге арттыру жоспарланып отыр.
Елорданың нөсерлі кәріз жүйесі 20 тазарту құрылысы мен бір жинақтау тоғанынан, сондай-ақ 621 км болатын магистральдық коллектордан, нөсерлі, дренажды және арық-науалы кәріз желілерінен құралады, олар 20,1 мың гектардан астам аумақтың жерүсті ағын суларын бұруға мүмкіндік береді, - », - деп жазды Ж.Қасымбек.

Сондай-ақ, ол соңғы жылдары нөсерлі, дренажды және арық-науалы кәріз жүйелерінің магистральдық коллекторлары бойынша 22 км-ден астам желі салынып, қайта жаңғыртылғаны, 9 сорғы станциясы мен 6 тазарту құрылысы іске қосылғаны туралы айтты.