Альберт Рау: Алатау - Қазақстанның жаңа «жедел дамитын қаласы»

Бүгін, 16:22
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Альберт Рау: Алатау - Қазақстанның жаңа «жедел дамитын қаласы»
Фото: видеодан скриншот/t.me/ortcom_kz

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Альберт Рау жаңа Конституциядағы «жедел дамитын қала» тұжырымдамасы мен Алатау қаласының ерекше статусын түсіндірді, деп хабарлады Elordainfo.kz Kazinform-ға сілтеме жасап. 

«Қазіргі Конституцияда Астана халықаралық қаржы орталығы үшін арнайы құқықтық режим қарастырылған. Бұл режимнің басты ерекшелігі — арнайы сот жүйесі мен құқықтық стандарттар. Жаңа заң жобасы осы норманы Алатау қаласына да кеңейтуді көздейді», — деді депутат «Референдум-2026» онлайн марафонында.

Ол Алатау қаласының статусын белгілеудің мүлде жаңа бастама екенін атап өтті.

«Қала әкімшілігі мен Жоғарғы кеңес премьер-министрдің басшылығымен халықаралық тәжірибеге сүйене отырып жұмыс істейтін болады. Қаланың ішкі ережелері халықаралық стандарттар мен үздік практикаларға сай жасалады», — деді Альберт Рау.

Депутат қаланың экономикалық маңыздылығын да түсіндірді.

«Алатау тек жаңа қала емес, бұл инвестициялар мен технологиялар орталығы болады. Онда ерекше валюталық жүйе, жаңа технологиялар, қаржы қызметтері, криптовалюта, автономды көліктерге арналған арнайы ережелер қарастырылған. Экологиялық талаптар да ұлттық стандарттардан төмен болмайды, қоқыс тек бөлшектеп жиналады», — деді ол.

Сонымен қатар Альберт Рау Алатау жобасының тарихи мәнін атап өтті.

«Бұл қала Астананың даму жолын қайталайды. Біз Астананы жақсы көреміз, бірақ елімізге батыл әрі жаңа жобалар қажет. Алатау Қазақстанның қазіргі және болашақ картасында жаңа жұлдызға айналуы мүмкін», — деді депутат.

Еске салайық, бұған дейін «Референдум-2026» онлайн-марафоны басталғаны туралы хабарладық.