6 әлем чемпионы және 3 дебютант: Азия чемпионатынан не күтеміз

6 әлем чемпионы және 3 дебютант: Азия чемпионатынан не күтеміз
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы

29 наурыз – 11 сәуір күндері аралығында Моңғолия мемлекеті өз тарихында үшінші мәрте Азия чемпионатын қабылдайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Моңғолияда қалай өнер көрсеттік?

2007 жылы Ұланбатыр қаласында өткен сары құрлықтың додасында Олимпиада чемпиондары Бақыт Сәрсекбаев (69 келі), Серік Сәпиев (64 келі) және Мират Сәрсенбаев (51 келі) топ жарған еді. Ал әйелдер құрамасының қазіргі бас бапкері Елдос Сайдалин (57 келі) күміс жүлде еншілесе, Қанат Әбутәліпов (56 келі) пен Хамзат Гелисханов (91 келі) қола жүлдегер атанды.

2012 жылы әйелдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 2 күміс (Юлдуз Маматкулова, Ләззат Күңгейбаева) пен 2 қола жүлде (Фируза Шарипова, Гүлжан Акимова) алды.

Қандай ерекшелік бар?

Азия чемпионатына екінші мәрте Украина мемлекеті қатысады. 2024 жылы бұл құрама 2 күміс пен 11 қола жүлде жеңіп алған еді. Қазіргі құрамасы алтын медальді көздеп келетіндігі анық. Бірер ай бұрын ғана Болгарияда өткен «Странджа» турнирінде Украинаның ерлер командасы 3 алтын, 2 күміс, 4 қола жүлде иеленіп, өздерінің әлеуеттерін көрсетті. Құраманың сапында қазақ боксшыларымен кездесіп үлгерген Максим Зименко (55 келі), Матвей Ряжба (85 келі), Сабыржан Аққалықов пен Жавохир Умматалиевті сенсациялық түрде жеңген Павел Иллюша (80 келі), Елвин Алиев (65 келі) cынды мықты спортшылар бар.

Азия чемпионатында ең көп алтын жүлде алған ТОП-3 мемлекет:

2019 жылдан бастап, ерлер мен әйелдердің жүлдесі бірге есептеледі.

Оңтүстік Корея – 86 (1992 жылға дейін 76);

Қазақстан – 72;

Өзбекстан – 66.

Азия чемпионатында бірнеше рет топ жарған боксшыларымыз

Биылғы құрамада аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбай Қазақстан тарихында ең көп 3 дүркін Азия чемпионы атанған Василий Левитті қуып жетуі әбден мүмкін.

Василий Левит (2009, 2015, 2017) – 3 дүркін Азия чемпионы атанып қана қоймай, 2019 бен 2021 жылдары күміс және қола жүлде иеленген.

Бақыт Сәрсекбаев (2002, 2005, 2007) – 2002 жылы Өзбекстан атынан және 2005, 2007 жылдары Қазақстан сапында Азия чемпионы атанған.

Болат Жұмаділов (1994, 1995);

Болат Ниязымбетов (1994, 1995);

Нұржан Сманов (1994, 1997);

Ермахан Ибраимов (1995, 1999);

Серік Сәпиев (2007, 2009);

Данияр Елеусінов (2013, 2015);

Иван Дычко (2013, 2015);

Теміртас Жүсіпов (2013, 2019);

Айбек Оралбай (2022, 2024).

Қазақстан құрамасынан кімдер барады?

50 келі. Санжар Тәшкенбай (2 дүркін әлем чемпионы)

Азия чемпионатына үшінші мәрте барады. 2022 жылы Азия чемпионы атанса, 2024 жылы күміс жүлде иеленді.

55 келі. Махмұд Сабырхан (2 дүркін әлем чемпионы)

Үшінші рет сары құрлықтың додасында жұдырықтасады. 2024 жылы Азия чемпионы атанған. 2022 жылы күміс жүлде еншіледі.

60 келі. Оразбек Асылқұлов (әлем чемпионы)

2024 жылы финалға дейін жетті.

65 келі. Ертуған Зейнуллинов (әлем чемпионатының қола жүлдегері)

Азия чемпионатына алғаш рет барады.

70 келі. Төрехан Сабырхан (әлем чемпионы)

Азия чемпионатында дебют жасайды.

75 келі. Сабыржан Аққалықов (әлем чемпионатының күміс жүлдегері)

Алғаш рет қатысады.

80 келі. Ерасыл Жақпеков

2024 жылы қола жүлдегер атанған.

85 келі. Нұрбек Оралбай (Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері және әлем чемпионы)

2022 жылы қола жүлде алған.

90 келі. Сағындық Тоғамбай

2024 жылғы Азия чемпионы және 2022 жылы қола жүлде алды.

 +90 келі. Айбек Оралбай (әлем чемпионы)

2022 және 2024 жылы Азия чемпионы атанды.

Бұған дейін даңқты боксшы Қанат Исламның Наурыз мерекесі туралы пікірін жазған едік.