31 желтоқсанда Астанада қандай іс-шаралар өтеді
31 желтоқсан күні түстен кейін Астананың алты ауданының он жерінде қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік жаңажылдық концерттер өтеді, деп хабарлайды деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Алматы» ауданындағы «Жерұйық» саябағында және Железнодорожный тұрғын алабында, «Нұра» ауданындағы «Жағалау» скверінде және Үркер тұрғын алабында, «Сарайшық» ауданындағы Отау және Промышленный тұрғын алаптарында сағат 12.00-ден бастап мерекелік концерттік бағдарламалар өтеді.
«Байқоңыр» ауданында «Ататүрік» саябағында және Өндіріс тұрғын алабында, «Есіл» ауданында Бағыстан тұрғын алабында және «Сарыарқа» ауданында «Қорғалжын» саябағында күндізгі жаңажылдық бағдарлама сағат 14.00-ден бастап өтеді.
Жаңа жыл қарсаңында 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға дейін қаланың үш жерінде мерекелік іс-шаралар өтеді.
31 желтоқсан күні сағат 21:00-ден бастап «Қазақ елі» монументінің жанындағы алаңда, EXPO аумағында, сондай-ақ қалалық алаңда (әкімдік ғимараты алдында) шығармашылық ұжымдар мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңажылдық мерекелік концерттер өтеді.
Іс-шараларға отандық эстрада жұлдыздары Зарина Омарова, Еркеш Хасен, Маржан Арапбаева, Сәкен Майғазиев, Қазыбек Құрайыш, Серік Ибрагимов, Жұбаныш Жексенұлы, Ақбота Керімбекова, «Меломен», «Бәйтерек» топтары және басқа да әртістер қатысады.
Елорда әкімдігі тұрғындар мен қала қонақтарын тек ресми дереккөздерде жарияланған ақпаратқа сеніп, өзге дереккөздер таратқан бұрыс мәліметтерге назар аудармауға шақырады.
Бұған дейін Астана қаласы 2026 жылы қандай ірі спорттық шараларды қабылдайтынын жаздық.