20 тонна жұмыртқа тиеген жүк автокөлігі Ресейге кері қайтарылды

Бүгін, 17:15
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
20 тонна жұмыртқа тиеген жүк автокөлігі Ресейге кері қайтарылды
Фото: АШМ

Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде Қазақстан аумағына 20 тонна тауық жұмыртқасын заңсыз кіргізу әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап. 

Самара (Ресей Федерациясы) – Астана бағыты бойынша келе жатқан жүк автокөлігін тексеру барысында тағамдық тауық жұмыртқаларының заңнамада көзделген ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз тасымалданғаны анықталды.

Жүк тиелген автокөлік кері қайтарылды. Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Тасымалдаушыларға Қазақстан Республикасының және Еуразиялық экономикалық одақтың ветеринариялық заңнамасы талаптары түсіндірілді.

Айта кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес, 2026 жылғы 21 сәуірден бастап алты ай мерзімге үшінші елдерден және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден Қазақстан аумағына көліктің барлық түрімен тауық жұмыртқаларын әкелуге тыйым салынған.

Шаралар аталған өнім тасымалын реттеуге, сондай-ақ елдегі ветеринариялық-санитариялық және эпизоотиялық қолайлылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

  «Жыл басынан бері «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде заңнама талаптарының 216 рет бұзылғаны анықталды. 216 жүк автокөлігі кері қайтарылды. 90 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды», - делінген хабарламада. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі тасымалдаушылар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды Қазақстан Республикасының және Еуразиялық экономикалық одақтың ветеринариялық заңнамасы талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Мемлекеттік шекара арқылы бақылауға жататын өнімдерді өткізу кезінде ветеринариялық ілеспе құжаттардың болуына және белгіленген шектеулердің сақталуына ерекше назар аудару қажет.

Еске салайық, бұған дейін Алматы базарында 13 мыңнан астам заңсыз әкелінген тауық жұмыртқасы сатылымға шығарылғаны туралы жаздық.