19 жастағы бойжеткен әпкесінің алтын бұйымдарын ұрлап кеткен
Қарағандыда туысының алтын бұйымын ұрлаған күдікті анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қарағанды қаласының Жаңа Майқұдық полиция бөліміне 47 жастағы жергілікті тұрғын арызбен жүгінді.
Оның айтуынша, пәтерінен жалпы құны 600 мың теңгені құрайтын алтын бұйым жоғалып кеткен. Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады.
Белгілі болғандай, ұрлық жасады деген күдік арызданушының 19 жастағы сіңлісіне қатысты туындаған. Бұл жағдай жәбірленуші үшін күтпеген жайт болды.
«Күдікті кінәсін толық мойындады. Тергеу барысында оның ұрланған алтын бұйымды жергілікті ломбардтардың біріне өткізіп үлгергені анықталды. Кепілдік түбіртектерінің негізінде полицейлер зергерлік бұйымдарды тауып, тәркіледі.
Қазіргі таңда айғақ заттар қылмыстық іс материалдарына заттай дәлелдеме ретінде тіркелді», - делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.