17,5 млн теңге: ШҚО-да балалар стоматологиялық емханасы жұмыскерлерінің кешіктірілген еңбекақысы қайтарылды
Өскемен қаласының прокуратурасы азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына жүргізілген талдау аясында «Балалар стоматологиялық емханасы» ШЖҚ-дағы МКК қызметінен еңбек заңнамасының бұзылуын анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасына сілтеме жасап.
Медициналық мекеме басшылығының еңбекақы төлеу бойынша міндеттемелерін орындамауы салдарынан екі айдан астам уақыт бойы 53 қызметкердің алдында жалақы бойынша берешек түзілгені анықталды.
«Прокурорлық қадағалау актісі бойынша медицина қызметкерлерінің заңды құқықтары қалпына келтіріліп, 17,5 млн теңгеден астамсомадағы жалақы қарызы толық көлемде өтелді», - делінген хабарламада.
Еңбек заңнамасының сақталуы мәселелері прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.
Еске салайық, бұған дейін ШҚО-да балабақша меңгерушісі мен есепшісі 42 млн теңгені иемденгені туралы жаздық.