Жамбыл облысында тарих мұғалімі заңсыз жұмыстан шығарылған

13 тамыз, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
views56
Жамбыл облысында тарих мұғалімі заңсыз жұмыстан шығарылған
фото: Оңалхан Өнерхан

Жамбыл облысы Жуалы ауданында зейнет жасына жеткен тарих мұғалімі заңсыз жұмыстан босатылған, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.

Ол 1991 жылдан бері орта мектепте тәрбиеші, кейін тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. 2024 жылдың желтоқсан айында зейнеткерлік жасқа жетіп, оқу жылының соңына дейін жұмысын жалғастыруға ниет білдіріп, мектеп директорының атына арыз жазған. Алайда өтініші ескерілмей, зейнеткерлік жасқа толуына байланысты жұмыстан босатылған.

Мұғалім сотқа шағымданып, жұмысын қайта қалпына келтіруді, мәжбүрлі түрде сабаққа келмеген кезеңдегі орташа жалақысын төлеуді және моральдық шығынды өндіруді сұраған.

"Сот іс материалдарын зерттей келе, мектептің әрекеті Еңбек кодексінің, ұжымдық шарттың, салалық келісімнің нормаларын өрескел бұзғанын анықтады. Жұмыс беруші көрсетілген мерзімде еңбек шартын бұзу туралы хабарлама ұсынбаған және қызметкердің құқықтары ескерілмеген",- делінген хабарламада.

Жуалы аудандық соты мұғалімді жұмыстан босату туралы бұйрықтың күшін жойып, тарих пәні мұғалімі қызметін қайта қалпына келтіріп, 2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың мамыр айына дейін мәжбүрлі түрде жұмыста болмаған кезең үшін мектеп әкімшілігінен 2,1 миллион теңге жалақы өндіріп алды.

Сонымен қатар, талап қоюшының пайдасына моральдық шығын ретінде 100 мың теңге, өкілдің қызметі үшін 250 мың теңге өндірілді.

Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты сот аудан әкімдігінің білім бөліміне олардың қайталануына жол бермеу шараларын қолдануды талап етіп, жеке ұйғарым шығарды.

Сот актілері заңды күшіне енді.