Жамбыл облысында 321 млн теңге субсидияны заңсыз алғандар жауапқа тартылды


Жамбыл облысының прокуратурасы «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС мен «Жеміс-жидек» ЖШС қызметіне тексеру жүргізіп, аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру фактілерін анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
2015–2022 жылдар аралығында аталған ЖШС басшылары қызметкерлерімен бірге жеміс ағаштарының көшеттерін сату туралы құжаттарды қолдан жасап, сатылған өнім көлемін әдейі арттырып көрсеткен. Нәтижесінде олар мемлекеттен 321 миллион теңгеден астам субсидияны заңсыз алып отырған.
Қылмыстық іс Жамбыл облысы прокуратурасының арнайы прокурорларымен тергеліп, толық айғақтар жинақталған. Күдіктілерге ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі көлемде алаяқтық) және 385-бабы 2-бөлігі (жалған құжатты қолдан жасау) бойынша айып тағылды.
«2025 жылғы 23 шілдеде Меркі аудандық соты айыпталушыларды кінәлі деп танып, ЖШС басшыларына 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, оларға 10 жыл мерзімге қаржылық және мемлекеттік сектордағы лауазымдарды атқаруға тыйым салынды»,- делінген хабарламада.
Алаяқтыққа қатысы бар бес қызметкерге 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы белгіленді.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.



