Қызылорда облысында су соратын 13 заңсыз қондырғы анықталды


Қызылорда облысында су соратын тағы 13 заңсыз қондырғы анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Су ресурстары және ирригация министрлігі судың «көлеңкелі нарығымен» күресті жалғастырып жатыр. Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары Қызылорда облысындағы су нысандарын тексерді. Нәтижесінде Қызылөзек ауылдық округі аумағындағы Сырдария өзенінің Қараөзек тармағынан өз бетінше су тартумен айналысқан 13 заңсыз сорғы қондырғысы анықталды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бұзушылыққа жол берген тұлғаларды анықтау және оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Қызылорда облысында алты шаруа қожалығының 2,3 млн текше метрден астам суды заңсыз пайдаланғаны белгілі болған еді.
Сондай-ақ Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы мамандары Шардара аудандық прокуратурасымен бірлесіп, Түркістан облысында 24 тіркелмеген сорғы қондырғысын анықтады. Ал Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы Ақтөбе облысында 5 кәсіпорынның суды заңсыз пайдаланғаны жөнінде дерек тіркеді.
«Судың «көлеңкелі нарығына» қарсы жұмыстар жалғасады. Заң бұзғандар міндетті түрде анықталып, жауапқа тартылады. Бұдан бөлек, ел бойынша бассейндік инспекция мамандары шаруалармен және басқа да су пайдаланушыларға суды заңсыз тартып алуға жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр», - деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.



