Түркістан облысында шекарадан заңсыз өтуге көмектескендер ұсталды
Түркістан облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері көші-қон заңнамасын өрескел бұзған шетелдіктерге көмек көрсетумен айналысқан топ мүшелерін қолға түсірді, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жедел уәкілдер заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген күдікпен 9 адамды ұстады, оның екеуі – әйел, жетеуі – ер адам. Олардың бірі Өзбекстан азаматы болса, қалғандары жергілікті тұрғындар.
Сондай-ақ полицияға Өзбекстанның 6 азаматы жеткізілді. Полицейлер тінту іс-шараларын жүргізіп, құжаттар мен 6 шетелдік паспорт, Сайга аңшы мылтығы мен патрондар, екі есірткі заты бар орама, 16 телефон, жарты миллион теңгеге жуық қаржы, 250 мың өзбек ақшасы және өзге де заттай дәлелдемелерді тауып, тәркіледі.
Қазіргі уақытта заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.