00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Тектанушы Әлия Сағымбаева: Қазақтардың 20 пайызы ғана жеті атасын біледі

Тектанушы Әлия Сағымбаева: Қазақтардың 20 пайызы ғана жеті атасын біледі
Фото: Әлия Сағымбаеваның жеке мұрағатынан

Қазір қоғамда ажырасу, бедеулік, аты жаман аурулар белең алып тұр. Одан қалса, жемқорлар, педофильдер, жынысын өзгертушілер ұлтымыздың тұнығын лайлап жатқандай. Ал  бұл мәселелерді шешудің қандай жолдары бар? Тектанушылар осы сауалға жауап іздеп, жеке тұлғадан бастап тұтас ұлттың сауығуына  көңіл бөліп отыр. Осы мәселелер төңірегінде белгілі родолог кеңесші, ұстаз Әлия Сағымбаева Elorda.info тілшісіне сұхбат берді. 

-Әлия ханым, алдымен тектану сөзіне анықтама бере кетсек... Қашан пайда болған ғылым, нені зерттейді?

20-ғасырдың 80-90 жылдары ғылымда пәнаралық бағыттар пайда болды. Мәселен, психологиямен бірге нейрофизиология , нейропсихология, психолингвистика, психоаналитика, тағы да басқа бағыттар қолданысқа енді. Қазір ресми психологияның өзінде 500-ден аса бағыт бар. Тектану да сондай, психологияның бір тармағы. Мұны 90-жылдардан бастап Екатеринбург қаласында физика-математика ғылымының кандидаты, ядролық физика пәнінің оқытушысы Валерий мен оның жұбайы, филология ғылымының кандидаты Лариса Докучаевтар зерттеп, ғылымның бір тармағы ретінде енгізген. Ал олар батыстағы психогенетика, психогенеология, трансгенерациялық психология бағытындағы ғалымдардан осы ілімнің негізін үйренген. Соның бірі - әйгілі батыс психотерапевті Анн Шутценбергер. Олар адам тағдырының қалай өрілуі тек өзіне ғана емес, оның ата тегіне де байланысты екенін түсінді. Бұл ғылым «Родология» деп аталады, дегенмен мен біраз зиялы адамдармен ақылдасып, мұны «Тектану» деп менталитетімізге ыңғайлап аударып алдым.

- Тектану дегенде өзіміздің шежіре еске түседі. Екеуінің ұқсастығы мен айырмашылығы қандай?

Ұқсастығы, қазақта бұрыннан шежіре деген бар. «Тегі жақсы тек озар», «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген сөз бар. Ата-бабамыз ертеден адамның тегіне тартатынын біліп, болашағын бағдарлап отырған. Кезінде Сталин генді зерттеушілерді екі мәрте қуғын-сүргінге ұшыратты. Зұлматтың біреуі 30-жылдары, біреуі 40-жылдардың аяғында болды. Неге екені түсінікті болар... Тегін білген адамның рухы мықты болады ғой. Ал айырмашылығы, қазақ шежіресінде тек әке, ер азаматтардың ұрпақ жалғастығы тарқатылса, тектануда ана, тектегі барлық әйелдер, нағашы жұрт та қарастырылады. Себебі табиғат заңдылығында 23 хромосоманы әке, 23 хромосоманы ана береді ғой. Сондықтан балаға екеуінен де қасиеттер, қалыптасқан міңез-құлық, әдеттер беріледі. 

- Тектанудың әдістері қандай?

Біз геносоциограммамен жұмыс істейміз, қысқаша айтқанда, генограмма. Ал бұл генограмма - 20-ғасырдың 50-жылдарынан бастап Еуропада пайда болған нәрсе. Қандай да бір жеке басының, болмаса отбасының мәселесімен келген адам өз жұрты, нағашы жұрты, одан әрі ата тегінде бар қасиеттерді, ауру-сырқау, оқиғаларды есіне түсіріп, айтып береді. Тектанушы сол бойынша генограмма жасап, мәселенің мәнісіне үңіледі.

-Ал қазір көпшілік жеті атасын түгел білмейді. Мұндай жағдайда не істеуге болады?

Иә, менің зерттеуімше, қазір қазақтардың 20 пайызы ғана жеті атасын түгел біледі. Ал қалғандары үшінші, төртінші атасына дейін ғана білуі мүмкін. Себебі 20-ғасырда халқымыздың басынан небір катаклизмдер өтті ғой: соғыс, ашаршылық, қуғын-сүргін... Осындай зобалаңнан жан-жаққа қашқанда көп қазақ бір-бірінен қол үзіп қалған, нәтижесінде кімнің кім екені жайлы шежіре де жайына қалған. Бірақ, қаймана қазақтың қайсысы болмасын, руын, ата тегін біледі ғой..? Міне, сол ақпараттар арқылы біраз жайттың басын ашуға болады. 

-  Тектануда қандай тәсілдер көбірек қолданылады? 

Тектануда қолданылатын тәсілдер көп. Дегенмен сөз құдіреті – менің айрықша мән беретін құралым. Ұстазымыз Валерий Докучаев кезінде неге сөзге сақ болуымыз керек екенін екі күн дәлелдеді. Соңында былай деп қорытынды жасады: «Слово проникает в ДНК». Ал бұл қазақтың «Сөз сүйектен өтеді» деген сөзі ғой. Осыны айтқанда ұстазымыз таңғалып, мені көрген сайын: «Әлия, қазақтар тағы не деді?» деп жиі  сұрап тұратын. Ол қазақтың әрбір мақал-мәтелінің астарында психологиялық мағына жатқанын түсінді. Оған қоса Құран мен хадистерді оқи бастады. Иә, біз, тектанушылар, алдымен, ғылымнан бастаймыз, генетикаға мән береміз, сосын рухани бағытқа - құран, библия, халықтың даналығына мән береміз. Сондықтан да бізге атеистер де, діндарлар да, мұсылмандар да, христиандар да келеді. Олардың барлығына бірдей тәсіл қолданбаймыз. Әрқайсының менталитетіне қарай әдіс-тәсілдерді таңдап аламыз. Мен өз басым, кеңес бергенде алдыма келіп отырған адамның руына да мән беремін. Өйткені әр рудың жады бөлек болады, сәйкесінше соған сай мінез-құлық болады.  Бірақ сөз арқылы нәтижеге тез жетуге болады. Мысалы, ана өзгерсе, бала да өзгереді. Бір адам өзгерсе, маңайы өзгереді. Сөйтіп, ақырындап бәрі өзгере бастайды. 

алия еки.jpg

- Сөз құдіреті дегенде алғыс пен қарғыстан айналып өте алмаймыз ғой. Жарайды, алғыспен ел көгереді, ал қарғыс алған ұрпақ бұл жабысқан жаманаттан қалай құтыла алады?

Мысалы, қазіргі отбасылардың көбісінің сәби сүйе алмай отыруының себебін де тектен іздеуге болады. Оның бір шеті қарғыста жатса, бір шеті қуғын-сүргін, ашаршылық, соғыста қырылған ата-бабаның ауыр естелігінің ұрпақ жадында сақталып, «дүниеге сәби әкелу қауіпті» деген бағдарламаны қосуында. Біріншісін талқылайық. Бір мысал, әжесі немересіне  «Тұқымың құрысын» деп қарғаған.  Маған келген немересі «Осыдан кейін қалай жақсы боламын?» деп жылады. Мен «Тек әжеңді кінәлама, оның атынан өзіңе керісінше алғыс айт» дедім. Тағы бірде әйел келді. Бедеулігі 10 жылдан асып кеткен. Бүкіл адамға өкпесі қара қазандай. Онымен жұмыс жасадық, бірақ нәтиже болмады. Енді не істейміз? Бір күні әкесін ертіп келді. Ол бір оқиғаны айтып берді. Ашаршылық кезінде ауылдағы 10 шақты отбасы ру басшыларымен бірігіп Ресейге қашыпты. Солардың арасында қыздың атасы да болған.  Бірақ ол орта жолда әрі қарай бармайтынын айтып, қалып қояды. Оған ашу-ызасы келген ру басшысы «Өзегің толмасын, ұрпағың бомасын!» деп қарғыс айтады. Міне, мәселенің түп төркіні осында жатыр еді. Әрі қарай сәби сүйе алмай жүрген әйелге сол ру басының айтқан қарғысын алғысқа айналдырып айтуға кеңес бердім, біздің әдісімізде сондай тәсілдер бар. Оны ауызша да, жазып та айтты. Нәтижесінде психологиялық түйін шешіліп, ол көп кешікпей бір емес, екі рет ана атанды. Жалпы, өзімнің 20-жылдық тәжірибемде 66 бедеулік диагнозы бар әйелдің 52-сі сәбилі болды, дүниеге 56 бала келді, олардың ішінде егіздер де бар. 

-  Ментальдік, рухани факторлардан бөлек, нақты әрекет те керек шығар?

-Дұрыс айтасыз. Мұны мысалдармен дәлелдеп айтайын. Мысалы, кімде-кім өмірі қарызға белшесінен батып жүретін болса, оның тегінде рухани қарыз бар деген сөз. Орындалмаған уәде, өтелмеген қарыз әке-шешесінің, бәлкім ата-бабаларының мойнында тұрған шығар. Жаратылыстың тағы бір құпиясы оны адамға ұрпағы арқылы түсіндіретіндігінде. Енді өз тәжірибемнен мысал айтайын. Менің кеңесімді алушы бір адам өзінің, бауырларының қарыздан құтыла алмай жүргенін айтты. Әңгіме барысында ол мына бір оқиғаны баяндады. Ол әжесінің көзін көрген қарияның өзіне айтатын мына бір сөзін есіне түсірді. Қария: «Сенің әжең менің шешемнің судай жаңа көк пальтосын төркініме барам деп киіп кетті де, әкелмеді», – деп үнемі айтып отырады екен. Ал әжесінің пальтоны қайтармау себебі жолда қарақшыға тоналып қалғанында еді.  Бірақ бәрібір ұрпағы қарыз болып қалды. Енді бұл бағдарламаны тоқтату үшін бұлар сол қарыздан құтылу керек. Олар солай жасады. Су жаңа көк пальтоны әжейдің иығына жапты. Ол кісі риза болып, батасын берді. Міне, содан кейін олардың материалдық жағдайлары түзеле бастады.

-Ал ата тегі хабар-ошарсыз кеткендердің тағдыры қалай тарқатылып жүр?

Тағы да тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, оның орасан зор әсері бар екен. Ата-бабасы хабар-ошарсыз кеткендердің ұрпағы үнемі бірдеңені жоғалтам деген қорқынышпен жүреді екен де, сол жағдайды, ситуацияны өзіне тартып алады екен. Сол үшін де мына Ұлы Отан соғысында атасы, әкесі, бауырлары жоғалған жандардың олардың сүйегі қойылған жерді іздеп тауып, құран бағыштағаны абзал. Тіпті табылмаса, сол жердің топырағын әкеліп, ниет еткеннің өзі – парыздың орындалғаны. Менің жетекшілік ететін «Атамның аманаты» қоры да осы мақсатта құрылған. 

-Бүгінгі қоғамдағы болып жатқан өзегі ащы мәселелердің түп төркінін тектегі жадымен байланыстыра алар ма едіңіз? Мәселен, педофилдер мәселесі. 

 Педофил - бұл ауру. Текпен келген кесапат болуы да мүмкін. Бұл үшін педофилдердің тегін, оның балалық шағын зерттеу керек. Ал ол ашаршылық кезінде баласына жамандық жасаған адамның ұрпағы шығар, кім білген? Кезінде ресейлік ғалымдар Чикатилоның отбасын, тегін түгел зерттеген. Чикатило сонау Кеңес дәуірінде Ресейде көптеген кішкентай балаларды, оның ішінде қыз балаларды өлтірген. Оны ұстап, түрмеге отырғызады. Содан кейін заңгерлер мен дәрігерлер оның ата тегін зерттейді. Оның түбінде қылмыскердің ата-әжесінің басынан ашаршылық өткені анықталады. Ал ашаршылықта небір озбырлықтың орын алатыны белгілі... Бұл озбырлық олардың ұрпағына да берілгенге ұқсайды. 

-Қазіргі қазақтың мінезі қандай? Соңғы кезде «өкпешіл» болып кеттік дегенді естіп жүрміз.

Ол рас, қазақ өкпешіл. Неге өкпелі? Себебі қиянпұрыс көп катаклизмді бастан өткізді. Жапа көп шекті, әділетсіздікті көп көрді. Оның өтеуі өтелмеді, себебін түсіндіретін де ешкім жоқ болды. Сөйтіп, іштен тынғаннан ызақор, өкпешіл. Өйткені «Сырты қуғын-сүргін ішкі қуғын-сүргінге айналады» деген бар. Әрі тұтас бір ұрпақ қандай да зұлматтан зардап шексе, сол ұрпақтан кейін қалыптасқан мінез кейінгілердің жадына белсенді түрде сіңеді екен.

 -Бұндай жағдайда қандай шешім қабылдауымыз керек?

Ең бастысы, диалог керек. Қоғамдағы жанжалды да, мысалы, құдалықтағы, жалпы туыс арасындағы жанжалды да ортақ мәмілеге келу арқылы шешуге болады.

-Қорыта келгенде, тектану қандай бағыттармен жұмыс істеуде?

Тектілік мәдениетімізді сақтауымыз керек. Қазір жастардың біреуі кәрістерге, біреуі арабтарға еліктеп кетті. Балаға қазақ екенін, ұлтымыздың қасиеттерін түсіндіруіміз керек. Небір үлгі алар апайтөс батырларымыз, алмас тілді шешендеріміз болған. Бірақ мұны жалпы айтып қойсақ, ештеңе өзгермейді. Ол үшін алыстан емес, баланың өз туысынан бастауымыз керек.  Оған өз тегінде болған тұлғаларды үлгі ету арқылы ұлттық рухын оятуымыз керек.

Екінші бағыт, адамның қалыптасқан мінезін өзгертуге ықпал ету. Тектегі жағымды ресурсты нығайтуға көмектесу. Сөйтіп, жеке адамның рухын күшейту арқылы бүкіл ұлттың рухын жоғарылату. Өйткені қазақтың рухы, жоғарыда айтқан зұлматтардың зардабынан, күйреп қалды. Ұлттық жадыдағы халқымыздың ауызбіршілігіне сына түсіретін, тұп-тұнық менталитетіне нұқсан келтіретін жаман қасиеттерінен ада болып, қайсарлық, батырлық қасиеттерін темірқазық етіп, мықты мемлекет болуға бағыт алуымыз керек. Ол үшін ұлт жадындағы барлық құнды дүниелерді бір арнаға тоғыстырып, трансформациялауымыз керек деп ойлаймын.

- Сұхбатыңызға рақмет!